Еліміздің бірнеше аймағында су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетіліп жатыр

29 Наурыз, 23:31 676

Еліміздің төтенше жағдайлар министрлігі су тасқынынан зардап шеккендерге көрсетілген көмек жұмыстары қалай жалғасып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында Щербаков бөгеті шлюзінің үстінде жарықтар пайда болды. ТЖД күшімен Талдысай ауылындағы және Жүргенов ауылындағы 45 жеке тұрғын үйден 149 адам алдын ала эвакуацияланды.

21:40-та бөгет бұзылып, Жүргенев ауылының шетіндегі Ырғыз өзеніне су ағыла бастады. ЖАО күшімен тұрғындарды осы ауылдардан эвакуациялау басталды. 251 адам эвакуацияланды, оның ішінде 87 бала және 320 ірі қара, 340 ұсақ мал, 606 құс бар, - деді министрліктің баспасөз қызметі. 

Сондай-ақ, елордалық құтқарушылар Ақмола облысындағы әріптестеріне Қоянды, Қараөткел және Қажымұқан ауылдарында су тасқынына қарсы күресте көмек көрсетіп жатыр. 

Ал Түркістан облысы ТЖД құтқарушылар тобы Қазақстанның Солтүстігіне аттанды. Жеке құрам өңірдегі су тасқынының алдын алу үшін жіберіліп отыр. 

Сонымен қатар, Жібек Жолы ауылының тұрғындары Шымкент қаласы ТЖД құтқарушыларына алғыстарын білдірді. Белсенділер батырларымыздың су тасқынын жоюға қосқан зор үлесін атап өтіп, оларға жергілікті тұрғындар атынан алғыс хат табыс етті.
Естеріңізге сала кетейік, 28 наурызда Аршалы ауданына Шымкент қаласынан су тасқынының салдарын жою үшін ТЖД күштері мен құралдары келген болатын. 

Перизат Саденова
Бөлісу: