Еліміздің бас ұстазы су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі педагогтермен және балалармен кездесті

14 Сәуір, 11:15 861

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі педагогтермен және балалармен кездесті, деп хабарлайды ведомствоға сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Еліміздің бас ұстазы Атырау және Маңғыстау облыстарында болып, эвакуациялық пункттер орналастырылған білім беру нысандарын аралады. Министр өңірлердегі оқу процесінің ұйымдастырылуымен танысып, сондай-ақ су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысып жатқан жергілікті ұстаздармен кездесті. 

Айта кетсек, бүгінгі таңда Атырау облысының балалары эвакуациялық пункттерге орналастырылған. Оның ішінде APEC PetroTechnic жоғарғы колледжіне Жылыой ауданынан 36 тұрғын қабылданды. Олардың 17-сі мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар. 

Мемлекет су тасқынын жою бойынша тиісті шараларды қабылдауда. 57 білім беру ұйымының ғимаратына эвакуациялық пункттер орналастырылды. Қазіргі уақытта балаларды тұруға және сабақ оқуға әлдеқайда қолайлы орындарға орналастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Су тасқыны басталған уақыттан бастап 3,6 мыңнан астам бала сауықтыру орталықтарына, инновациялық мектеп-лицейлердің, жоғары оқу орындары мен колледждердің жатақханаларына жіберілді. Әрбір баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды, осы мақсатта министрліктің өкілдері өңірлерге шығып, жергілікті жерлерде балалармен және педагогтермен кездесуде, - деп атап өтті министр. 

Ғани Бейсембаев Махамбет ауданында, сондай-ақ Еркінқала елді мекенінде Жайық жағасында министр су тасқынына қарсы шараларға қатысушы жергілікті педагогтермен, колледж студенттерімен кездесіп, өзен жағасын бекіту жұмыстарына қатысты. Сонымен қатар су тасқынынан зардап шеккен педагогтердің тізімі жасалатынын және жаңа оқу жылы басталғанға дейін педагогтер мен мектептердің оқу процесіне дайын болуы үшін барлық шаралардың қабылданатынын айтты.

Атап өту керек, су тасқынына қарсы шараларға білім беру саласы бойынша барлығы 26 мыңнан астам қызметкер атсалысуда, оның ішінде 11 мыңнан астамы эвакуациялық пункттерде жұмыс жасауда. Сондай-ақ Оқу-ағарту министрі Маңғыстау облысында болып, эвакуацияланған тұрғындармен кездесті.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: