Еліміздің 200-ден астам компаниясы халықаралық көрмеге қатысып жатыр

4 Шілде 2022, 22:46 1977

Екатеринбург қаласында XII «ИННОПРОМ-2022» халықаралық өнеркәсіптік көрмесі өз жұмысын бастады, деп хабарлайды EL.KZ.

Бұл туралы ҚР ИИДМ баспасөз қызметі хабарлады.

Көрмеге әлемнің 30-ға жуық елінен делегаттар қатысуда. Аталған көрменің басты серіктесі ретінде Қазақстан Республикасы таңдалған.

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов бастаған қазақстандық делегация құрамында  Премьер-министр Кеңсесінің басшысы Ғалымжан Қойшыбаев,  ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ермек Көшербаев, сондай-ақ жергілікті әкімдіктер мен ұлттық компаниялардың өкілдері бар.

1600 шаршы метрді құрайтын қазақстандық экспозиция алаңына химия және фармацевтика өнеркәсібі, түсті және қара металлургия, машина жасау, құрылыс индустриясы және жеңіл өнеркәсіп салаларынан 200-ден астам компания орналасты.

Премьер-министр Әлихан Смайылов өз сөзінде дәстүрлі жиынға айналған «Иннопром» алаңы өнеркәсіп салаларын дамыту, түйткілді мәселелерді шешу және тараптардың пікірлерін білуге мүмкіндік беретін тиімді алаң екендігін атап өтті.

Екі ел арасындағы өнеркәсіптік кооперация саласындағы ынтымақтастық жоғары деңгейде. Мұндай жетістікке жетуімізге Қазақстан-Ресей өндірістік кооперациясы саласындағы бірлескен іс-қимыл бағдарламасы айтарлықтай септігін тигізді. Осылайша, 13 ірі жоба жүзеге асырылды. Бүгінгі таңда 9 жоба іске асырылып жатыр, ­­ – деді Ә.Смайылов.

Шара барысында жаңа бірлескен іс-қимыл бағдарламасына қол қойылды. Ендігі кезекте өнеркәсіптің 7 саласы бойынша 23 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Біз ғылыми-техникалық, инновациялық және өнеркәсіптік салаларда кооперацияға бағытталған жаңа технологиялық база құруды бастадық. Қазақстанда өнеркәсіп салаларын дамыту үшін құқықтық және институционалдық негіз қалыптасқан. «Өнеркәсіптік саясат туралы» Заң қабылданды. Маңызды құжат өндірістік циклдың барлық кезеңін, яғни шикізаттан бастап дайын өнім шығарғанға дейінгі сатыларды қамтиды, – деп атап өтті Премьер-министр.

Бұдан бөлек, «ИННОПРОМ-2022» халықаралық өнеркәсіптік көрмесі аясында ЕАЭО-ның Өнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Жиынға Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев та қатысты.

Отырыс барысында өнеркәсіп салаларының негізгі мәселелері мен дамуы, ЕАЭО төңірегінде өнеркәсіптік кооперацияны ынталандыру тетіктері, өнеркәсіп салаларына мемлекет тарапынан қолдау көрсету мәселелері талқыға салынды.

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің айтуынша, бүгінде Еуразиялық экономикалық одақтың жұмыс қарқыны өнеркәсіп салаларында туындаған мәселелерге неғұрлым жедел әрекет етуді талап етеді.

Өнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңес мәселелерді тиімді шешуге мүмкіндік беретін жақсы тәжірибе деп айтуға болады. Өз кезегінде Петербург Халықаралық экономикалық форумының пленарлық отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық интеграцияның жетістігі ЕАЭО-на мүше мемлекеттердің өнеркәсіптік кооперациясын дамыту жөніндегі жұмыстың тиімділігіне байланысты екенін айтқан болатын, –  деді Қайырбек Өскенбаев.

Сонымен қатар, министр Қазақстан әрдайым Одақ шеңберінде өнеркәсіптік кооперация мен экономикалық интеграцияны дамытуға бағытталған шараларды қолдайтындығын атап өтті.

EL.KZ
Бөлісу: