27 Ақпан 2015, 05:42
«Қазақстанда жасалған» айдарының келесі кезегін бауырсақ өндірісімен айналысып жатқан жас кәсіпкерге бұрайық. Елбасы «Қазақстанда жасалған» акциясы негізінде «Барлық сауда желілерінде отандық тауарлар секциясы пайда болу үшін «Қазақстанда жасалған» акциясын бастаймыз. Облыс әкімдері мұны қадағалап отыруы керек. Барша азаматтарға осы күрделі жағдайда патриот болып, қазақстандық өнімді сатып алу жөнінде сөз арнаймыз» деген еді. Осы ретте ши бауырсақ өндірісімен айналысып жүрген жеке кәсіпкер туралы жазуды жөн деп таптық. Аз-кем әңгімелесіп, сөзіне құлақ түрдік. Бауырсаққа сұраныс бар ма, соның ішінде ши бауырсақ өндірісімен айналысып жатқандар не дейді? Соны білейік...
Бауырсақ көбiне домалақ немесе төрткүл шаршы (ромб) пішінді болып келедi. Кейде жазған жаймадан таяқша пішінде кертiп алып, ши бауырсақ жасайды. Оның пішіні кеспе тәрізді жіңішке болады. Бармақ бауырсақ қамырды бармақтай-бармақтай етіп кесіп алып пісіру жолымен, жалпақ бауырсақ ұзынша төртбұрыш пішінде, қиғаш бауырсақ қиғаштап кесіп, ширатпа бауырсақ ширатып, бұрама бауырсақ жалпақ етіп кескен соң ортасын тіліп, бір ұшын сол тіліктен иіп әкеліп қайыра өткізіп бұрап жасалады. Түйе бауырсақ үлкен дөңгелек пішінді болады. Осылайша пiшiнiне қарай бауырсақ әртүрлi аталады, ал дайындалу ерекшелігіне қарай бүкпе бауырсақ, күл көмеш, күлше деген түрлері бар. Бүкпе бауырсақты арасына ет, көкөніс салып пісіреді, ал күл көмеш, күлше бауырсақты от шоғына, қозына көміп пісіреді.
Ал, біздің бүгінгі айтпағымыз ши бауырсақ жайлы.
Бір жылдан бері жас кәсіпкер Медетжан Ізғұттинов бүгінде ши бауырсақ өндірісімен айналысып келеді. Бұл ең біріншіден отандық өнім және ұннан жасалатын ұлттық тағамның түрі. Жақында отандық өнімдерді қолдау мақсатында «Қазақстанда жасалған» акциясын жүзеге асыру идеясын алғаш рет үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған болатын. Осы ретте ұлттық тағамдарымызды кеңінен насихаттап жатқан жас кәсіпкерлерге қолдау көрсету өте қажет.
– Ұлттық тағамның «ши бауырсақ» және «ұсақ бауырсақ» деген түрін жасайтын өндіріс орны Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Р.Қошқарбаев ауылында орналасқан. Бұл – инновациялық тәсілді өндіріске енгізген еліміздегі алғашқы кәсіпорын деуге негіз бар. Себебі әр үйде, әжелеріміз қолмен жасайтын бауырсақты өндіріске бейімдеп, технологиялардың көмегімен өнімді көп мөлшерде шығаруды жолға қойды. Оның үстіне ешқандай қоспасыз, тек отандық шикізаттан жасалатын бауырсақтарға сұраныс та артқан. Кәсіпорын өз жұмысын бір жыл бұрын ғана бастаса да, қазіргі уақытта өнімдерін Астана қаласы мен оның маңындағы елді-мекендерге таратып үлгерді. Енді еліміздің өзге де қалаларына өз өнімдерін шығаруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, ши бауырсақты өзге елдерге, соның ішінде Мәскеуге де жөнелтпек ойымыз бар. Қазір сауда орындарының иелерімен келіссөздер жүргізіп жатырмыз, – дейді кәсіпорын басшысы, жеке кәсіпкер Медетжан Ізғұттинов.
Жеке кәсіпкер Медетжан Ізғұттиновтың айтуынша өздері өндіріп жатқан ши бауырсаққа әлі де тауарлық белгі алмаған екен, алайда бауырсақтың сапасын үнемі тексертіп отырады. Сапа жүйесіне байланысты сертификат берілген екен.
Тағы бір айта кетеріміз жеке кәсіпкер Медетжан Ізғұттинов осы бір кәсібіне қатысты жарнамалық ұран (слоган) қажет етіп отыр. Егер отандық өнімге қолдау білдірем десеңіз, осы турасында да көмек білдіруіңізге болады.
Әзірлеген: Досжан Мейірбек.