Еліміздегі тұрғын үйлердің жылыту маусымына дайындығы қандай?

20 Тамыз, 10:48 569

Үкімет отырысында алдағы жылыту маусымына дайындық барысы қаралды. Халықтың және бюджеттік ұйымдардың көмірге деген қазіргі қажеттілігі туралы баяндалды – ол шамамен 8,6 млн тонна. Мамыр айының басынан бері 1 млн тоннадай жеткізілген, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жалпы, бүгінгі таңда білім беру нысандарының дайындығы 88%-ды құрайды. Кестеден артта қалу көрсеткіші ШҚО, Қарағанды, Павлодар, Алматы облыстары мен Алматы қаласында тіркелді, деп атап өтті өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.

Денсаулық сақтау нысандарының дайындығы 87%-ды құрайды. Тұрғын үйлер бойынша дайындық жұмыстары 34 169 үйде аяқталды – бұл жоспардың 68%-ы.

Инженерлік инфрақұрылымды жылыту маусымына дайындау аясында өңірлерде дайындық жұмыстары жүргізілуде. 

2024 жылға 546 км жылу желілерін жөндеу жоспарланған – коммуникациялардың 65%-да жаңғырту аяқталды. Бұл ретте 5 өңірде жөндеу жоспары 50%-дан аз орындалды, тағы 6-ында орындалған жұмыс 70%-ға дейін, деп нақтылады Қанат Шарлапаев.

Қаржыландыру жоспарына сәйкес қаражат бөлінді, жылыту маусымының басында жұмыс аяқталатын болады, — деп атап өтті өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.

10 мыңнан астам автономды қазандық жылыту кезеңіне дайын.

Республика бойынша алдағы жылыту маусымына шамамен 12 мың автономды қазандықты дайындау қажет, жұмыстың 81%-ы орындалды, 10 мыңнан астам автономды қазандық дайындалды.

Қазандықтарды дайындау бойынша артта қалу көрсеткіші Астана қаласы бойынша байқалады, жұмыс тамыз айының соңына дейін аяқталады.

Автономды қазандықтар бойынша 1,3 млн тоннадан астам көмір, 9,3 мың тонна мазут және 54 мың тонна дизель отынын дайындау қажет. Қазіргі уақытта 50% көмір, 98% мазут және шамамен 50% дизель отыны дайындалды,— деді Үкімет отырысы барысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: