Қазақша айтқанда "қылышын сүйретіп қыс келеді". Ал біздің елде әр қыс жақындап, күн суыта бастаған сайын тұрғындардың да үрейі күшейе түседі. Оған себеп жыл сайын елімізде қайталанатын жылу қазандығындағы апат. Ұзақ жылдар бойы жөндеу көрмей, әбден ескірген жылу жүйелерінде ақау жиі болады. Ал биыл сол жағдайдың қайталанбасына кім кепіл? Мұны Үкімет басшысы да қадап айтып, сала басшыларына мәселені қатаң бақылауға алуды тапсырған еді. Осы ретте El.kz тілшісі өңірлердің жылыту маусымына дайындығын пысықтап көрді.
Бүгінде еліміздегі тұрғын үйлердің 68%-ы жылыту маусымына дайындық жұмыстары аяқталған. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мәлім етті.
Бұған дейін Үкімет отырысында алдағы жылыту маусымына дайындық барысы қаралып, халықтың және бюджеттік ұйымдардың көмірге деген қазіргі қажеттілігі шамамен 8,6 миллин тонна екені айтылды. Мамыр айының басынан бері 1 миллион тоннадай жеткізілген.
Жалпы бүгінгі таңда білім беру нысандарының жылыту маусымына дайындығы 88%-ды құрайды. Кестеден артта қалу көрсеткіші ШҚО, Қарағанды, Павлодар, Алматы облыстары мен Алматы қаласында тіркелген.
2024 жылға 546 км жылу желілерін жөндеу жоспарланса, коммуникациялардың 65%-да жаңғырту аяқталған. Бұл ретте 5 өңірде жөндеу жоспары 50%-дан аз орындалды. 10 мыңнан астам автономды қазандық жылыту кезеңіне дайын. Алдағы жылыту маусымына шамамен 12 мың автономды қазандықты дайындау қажет, жұмыстың 81%-ы орындалды, – дейді министр Қанат Шарлапаев.
Қазандықтарды дайындау бойынша артта қалу көрсеткіші Астана қаласы бойынша байқалатынын айтып, жұмыс тамыз айының соңына дейін аяқталатынын айтқан еді.
Биыл 163 км жылу желілерін жаңғыртуға республикалық бюджеттен 92,5 млрд теңге қарастырылған. Министрліктің мәліметінше, 109 км жылу желілерін жөндеуге берілетін нысаналы трансферттер есебінен 68,6 миллиард теңге бөлінді, 54 км реконструкциялауға шамамен 23,9 миллиард теңге Үкімет резервінен жіберілді.
Сондай-ақ табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарламалары есебінен жалпы сомасы 16,6 млрд теңгеге 68,8 км жылумен жабдықтау желісін қайта жаңарту жоспарланған. Жылыту маусымына дайындық жұмыстары басталғалы 1 мамырдан бастап 15 тамызға дейін теміржол көлігімен 17 миллион тонна көмір тасымалданды, оның 1 миллион тоннасы коммуналды-тұрмыстық секторға, 16 миллион тонна энергетикалық кәсіпорындарға жеткізілген.
Әкімдіктер үшін өңірдегі жүргізіліп жатқан жұмыс бойынша бақылау мерзімдері белгіленген.
- қыркүйек айының соңына дейін жылу желілеріндегі жөндеу жұмыстарын аяқтау;
- 1 қыркүйекке дейін білім беру объектілерінің, 15 қазанға дейін денсаулық сақтау, ТКШ және тұрғын үй қорының объектілерінің толық дайындығын қамтамасыз ету қажет.
Энергия көздерінің отын қоймаларында 3,7 млн тонна көмір және 90 мың тонна мазут жинақталған. Сонымен қатар, министрлік қыркүйек айынан бастап 256 мың тонна көлемінде «әлеуметтік» мазутты жеткізу кестесін бекітті. Жыл сайынғы деректерге сәйкес республика ішіндегі көмір тасымалының жалпы қажеттілігі 70 млн тоннадан асады. Орташа ай сайынғы көмір тиеу көлемі 5,5 миллион тонна. Премьер-министр Олжас Бектенов ЖЭО дайын болмаған жағдайда өңірлерде әкімдердің жетекшілік ететін орынбасарларының тікелей жауапкершілігі қаралатынын айтты.
Үкімет басшысы жұмыстардың ауқымды бөлігін ең соңғы күндерге қалдыру қалыпты әдетке айналғанын, яғни, дұрыс жоспарлау жоқ екенін баса айтты.
Премьер-министрдің өңірлерге берген тапсырмасы қалай орындалып жатыр?
Облыстың жылумен жабдықтау желілерінің тозуын азайту және жаңғырту, сондай-ақ, жылу беру маусымына дайындық мақсатында осы жылы табиғи монополиялар субъектілерінің қаражаты есебінен және бюджет қаражаты есебінен жалпы ұзындығы 31,3 км жылу желілеріне реконструкциялау, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 9,6 км желі реконструкцияланды, 2,4 км желіге күрделі жөндеу, 19,3 км желіге ағымдағы жөндеу жүргізілді. Бүгінгі таңда барлық жұмыстар 100% орындалды.
Облыстың үш қаласындағы бес жылу көзінде барлығы 35 қазандық бар. Жылумен жабдықтауда 19 қазандық іске қосылады. Бүгінгі таңда жылу беру маусымын бастауға және қысқы режимге ауысуға қажетті қазандықтар толығымен дайындалған.
Павлодар облысының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен әлеуметтік саласын 2024-2025 жылдардағы жаңа жылу беру маусымына дайындау жөніндегі іс-шараның бекітілген жоспарына сәйкес, осы жылы Павлодар қаласында жылу беру маусымы әдеттегіден бір аптаға ерте басталды. 2024 жылдың 9 қыркүйегінен бастап әлеуметтік нысандарға, ал, 16 қыркүйектен бастап көп қабатты тұрғын үйлерге жылу беріле бастады.
Екібастұз, Ақсу қалаларында және барлық аудандарда әлеуметтік нысандарға жылу беру осы жылдың 16 қыркүйегінен басталды.
Бүгінгі таңда облыс орталығында 294 әлеуметтік нысанның 178-і (63%) және 1300 көпқабатты тұрғын үйдің 82-сі, Екібастұзда 79 әлеуметтік нысанның 36-сы жылумен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ облыстың 8 ауданындағы барлық әлеуметтік нысандарға жылу берілді. Ал қалған 2 ауданда бұл жұмыстар 20 қыркүйекке дейін аяқталады.
Екібастұз қаласында 422 жылу желісі бар. Оның 37 шақырымы жылу магистральді.
Екібастұз қаласы бойынша жылыту маусымына ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Жылу магистральді №1 және №3 жылу желілерін ауыстыру жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі күні қалалық су және жылу магистральдардың тозығы 89 пайызды құрап отыр. Жұмыс жылыту маусымына дейін толық пысықталып, дайын болады, – деді Екібастұз қаласы ТҮКШ бөлімінің басшысы Абай Хәкімов.
Бұдан өзге жөндеу жұмыстарынан кейін қауіпті деп танылған аумақта төрт кезең бойынша гидровликалық сынақ жүргізіліп, оның барысында 200-ге жуық ақау анықталған. Бүгінде зақымдар жойылған.
Облыстың орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіндегі негізгі жылу көздері Текелі қаласындағы ЖЭО және 23 қазандық болып табылады (газда – 7 қазандық, көмірде – 14 қазандық, сұйық отында – 3 қазандық). Жылу желілерінің ұзындығы 390 км құрайды (желілердің орташа тозуы 50%).
Жылыту маусымына дайындық мақсатында 2 турбинаға (орындалғаны 75%), 40 қазанға (36 немесе 90%), 13,5 шақырым жылу желілері (12,3 км немесе 91%), 1,1 мың км электр желілерге (1 059 км немесе 95%) және 134 трансформаторлық қосалқы станцияларға (130 немесе 97%) жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жылумен жабдықтаушы кәсіпорындар 370 мың тонна көмір (100% сатып алынды, жеткізілгені – 214,9 мың тонна немесе 58%, 82 мың тонна көмір қоры бар) және 30,5 мың тонна мазут (сатып алу ҚР ЭМ кестесіне сәйкес қыркүйек айынан жоспарланған, 2 мың тонна мазут қоры бар) дайындауда.
Бюджеттік ұйымдар үшін 15,1 мың тонна көмір, 4,2 мың тонна пеллет, 10,7 миллион литр сұйық отыны қажет. Бүгінгі күнге барлық бюджеттік ұйымдар қажетті отын қорымен қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар, жылыту маусымына халық үшін қатты отын қажеттілігі 428,5 мың тоннаны құрайды («Қаражыра» – 210,3 мың тонна, «Шұбаркөл» - 218,2 мың тонна). Мамыр айынан бері 148 мың тонна немесе 35% халыққа сатылды.
Облыста барлығы 35 көмір тұйығы мен қоймалары жұмыс істеуде (30 тұйық, 5 қойма). Тұйықтар мен қоймаларда 25,3 мың тонна көмір қоры бар. Тәулігіне орташа есеппен 28 вагон немесе 1 794 тонна келіп түсуде. Жолда 11,2 мың тонна немесе 163 вагон.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ-мен тұрғындарға көмір дайындау жоспарын орындау бойынша күн сайынғы мониторинг жүргізілуде. Темір жол қатынасы жоқ аудандарға (Ақсу және Сарқан) автокөлікпен көмір тасымалдау ұйымдастырылған.
Көмірдің орташа бағасы 18 мыңнан 20 мың теңгені құрайды. Теміржол қатынасы жоқ аудандарда баға 25 мыңнан 28 мың теңгеге дейін барады.
Алматы облысында жылыту маусымына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінде облыс бойынша 43 қазандықтың жөндеу жұмыстары аяқталған және олардың қуаттылығы мен тиімділігі артқан.
Сондай-ақ Іле ауданына қарасты Боралдай және Байкен елдімекендерінде қазандықтарды жаңғыртуға қосымша қаржы бөлініп, жұмыстардың 50%-ы аяқталған. Ал 5 қазандықтың жұмысы қазан айында аяқталады деп күтілуде. Алматы облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының өкілі Ержан Бейбітұлының айтуынша, тұрғындарға 714 мың тонна көмір жеткізу үшін келісімшарттар жасалған.
Бүгінгі таңда өңірге 125,1 мың тонна көмір жеткізілген. Оның орташа бағасы тоннасына 18 мың 500-ден 23 мың теңгені құрап отыр.
Өңірде қазандықтардың тиімділігін арттыру мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бұл шаралар қысқы маусымның кедергісіз өтуіне септігін тигізеді деп күтілуде.
Облыстағы жылу желілерінің ұзындығы 401 км, тозуы-64,2% (257 км) құрайды. 2024 жылы облыста шарттар бойынша жалпы сомасы 18,5 миллиард теңгеге 28 жоба іске асырылуда.
Осы жылы қаржыландыруға сәйкес 29 км жылу желілері мен 17 жылу көздерінде жұмыстарды аяқтау жоспарлануда. Осылайша 2024 жылдың қорытындысы бойынша жылу желілерінің тозуы 64,2% - дан 59,7% - ға дейін төмендейді деп күтілуде.
Әлеуметтік маңызы бар объектілердің дайындығы:
Денсаулық сақтау нысандары 99% дайын (242-ден 240);
Білім беру нысандары 99% - ға дайын (422-ден 417);
Әлеуметтік қорғау объектілері 100% дайын.
Бүгінгі таңда 1575 көпқабатты тұрғын үйдің 1454-і немесе 92%-ы жылыту маусымына дайындалды. Есептеу құралы жоқ 1 бөлмелі пәтер жылыту кезеңінде 40 154 теңге төлейді, дәл сондай 1 бөлмелі есептеу құралы бар пәтер жылу энергиясы үшін жылыту кезеңінде 18 944 теңге төлейді.
Көмір дайындау
Абай облыс бойынша көмірді өткізуді 27 өңірлік оператор жүзеге асырады, 9 теміржол тұйығы бар. Облыс тұйықтарында 13,7 мың тонна көмір бар, оның ішінде Семей қаласында 7 065 тонна, Аягөз ауданы 3 900 тонна, Бородулиха ауданы 280 тонна, Жарма ауданы 2 500 тонна. Халыққа 73 мың тонна (567 мыңның 13%) жеткізілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда аз.
Облыстың жылу көздері үшін 68 мың тонна (595 мыңнан 12%) көмір жеткізілді, Семей қаласы мен Бородулиха ауданының жылу көздері көмірдің нормативтік қорымен қамтамасыз етілді. Қалған аудандардың жылу көздеріне (Аягөз ауданы, Абай, Үржар, Жарма аудандары және Курчатов қалалары) жеткізу шарттар мен кестелерге сәйкес қыркүйектің екінші жартысында басталады.
Бюджеттік ұйымдардың 330 дербес қазандықтары үшін 31 мың тонна немесе жалпы қажеттіліктің 37% (85 мың) жеткізілді. Жалпы жылыту маусымына дайындық бойынша жөндеу жұмыстары облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында болады және жылыту маусымы басталғанға дейін аяқталмақ.