Еліміздегі ормандарда спутниктік технология арқылы интернет пен ұялы байланыс орнатылуы мүмкін

12 Ақпан, 12:10 623

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Абай облысындағы орман өрті кезінде орманшылардың қаза табуының бірден-бір себебі интернет пен ұялы байланыстың болмауы екенін жеткізді. Депутат Мәжілістегі үкімет сағатында ормандарға тез арада ұялы байланыс пен интернет орнату керегін айтты, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Депутат өз сауалында «Қазір министрлік орманның ішінде және орман шаруашылықтарында ұялы телефон мен интернетті қалыптастыру үшін қандай нақты жұмыстар жүргізіп жатыр? Орман шаруашылықтарында өртті пайда болуына мониторинг жасау бойынша космостық бақылаудың рөлі қандай және ақпарат жергілікті пунктке қаншалықты уақытта жетеді?» - деді Цифрлық даму министрлігі өкіліне.

Ең алдымен мекемелік арнайы радио байланыс керек. Сосын мобильді байланыс керек, бірақ ол екінші орында тұр. Бұл жерде ұялы байланыс азаматтар үшін, құтқарушылар үшін керек. Орманшыларды, орман шаруашылығына жақын маңайда тұратын азаматтар үшін біз ұлтттық жоба аясында қолжетімді интернетпен қамтамасыз етеміз. Ауыл мен аймақтарды 2027 жылдың соңына дейін интернетпен қамтимыз. Барлық азаматтарда ұялы байланыс пен интернет болады. Ауыл-аймақтардан бөлек, орманға жақын жерде тұратын орманшыларды спутниктік технология арқылы байланыс орнатуға мүмкіндік жасау қарастырылған. Қазіргі таңда мектептерге жүргізіліп жатқан пилоттық бағдарламада да спутниктік технология арқылы байланыс орнату жүргізіліп жатыр. Бұл жұмысты орман шаруашылығы саласында да іске асыру көзделіп отыр, - деп жауап берді цифрлық даму және инновациялар және аэроғарыш вице-министрі Асхат Оразбек.

Миражан Махан
Бөлісу: