Еліміздегі әрбір баланың өмірі қауіпсіз болуы керек

10 Қазан 2023, 10:15 1283

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауы еліміздегі бірқатар маңызды мәселелерді қамтыды. Бұған қатысты «Өркен» Ұлттық ғылыми-практикалық балалардың хал-ахуалы институтының жетекші ғылыми қызметкері Аманғали Мұхтаров өз пікірін білдіріп, атқарылып жатқан жұмыстар жайлы сөз қозғады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйек күні өз жолдауында: «Еліміздегі әрбір баланың балалық шағы бақытты және қауіпсіз болуы керек. Мемлекет басшысы ретінде мен кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жазаны күшейтуді талап етемін» - деді. Бұл мәселенің мемлекет басшысы тарапынан айтылуы осы бағыттағы жұмыстарға тың серпін береді. Ол - айдан анық, - дейді Аманғали Мұхтаров.

Аманғали Хамидоллаұлы биылғы жылдан бастап мектептерде ашылып жатқан «Ата-аналарды педагогикалық қолдау» орталықтары да оны тиімді ұйымдастыруға негіз болады деп есептейді. Ол аталған орталықтардың жұмысын оң жолға қою үшін институт қызметкерлері біраз жұмыстар атқарып жатқанын айтады. 

«Ата-аналарды білім беру ұйымдарында педагогикалық қолдау бойынша нұсқаулық» жазылып, білім беру ұйымдарына жіберілді. Институттың ғылыми-әдістемелік бөлімі орталық жұмысын ұйымдастыру бойынша 22 вебинар өткізуді жоспарлап, оны бастап та кетті. Ата-аналармен жүргізілетін іс-шаралардың сценарилері, өткізілетін сабақтардың жоспарлары дайындалды. Институт сайтында «Ата-аналарды педагогикалық қолдау» атауымен рубрика ашылды. Ол жерде ата-аналарға қажет цифрлық ресурстар, онлайн-мектеп контенті, видеоматериалдар және тағы да басқа дүниелер орналастырылуда. Алдағы уақытта 5 семинар, 5 шебер сабақ, 1 конференция өткізу жоспарланып отыр. Осының барлығы балалардың игілігі мен олардың бақытты болуы үшін жасалып жатыр, - деді ғылыми қызметкер.

Аманғали Мұхтаровтың сөзінше, тәрбие мәселесіне баса назар аударып, балалар мен әйелдерге зорлық-зомбылық жасап, қорқытып үркітетіндерге қоғам болып қарсы тұрғанда ғана парасат-пайымы жоғары, таным-түсінігі терең, «Мәңгілік елдің» тұтқасын ешкімге бермейтін мықты ұрпақ тәрбиелей аламыз.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: