Еліміздегі алғашқы медициналық көмек көрсету саласы тоқырауға ұшырауы мүмкін

29 Тамыз 2023, 15:32 1138
Елдегі алғашқы медициналық көмек көрсету саласы толықтай тоқырауға ұшырауы мүмкін. Жақын арада Қазақстанда шамамен 450 медициналық ұйым жабылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Денсаулық сақтау министрлігі медициналық ұйымдарды ірілендіруге арналған бұйрық жобасын әзірледі. "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы осы бастамаға қарсы. Себебі бір ұйым шеңберінде медициналық қызметтер көрсету үшін әзірленген жаңа нормалар іс жүзінде қазақстандықтарды қолжетімді медициналық көмек алу құқығынан айыруы мүмкін.
 
Медициналық ұйымдарды ірілендіру шараларынан кейін шағын дәрігерлік амбулаториялар мен медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталықтары жабылады.

Палатаның медициналық қызметтер департаментінің басқарушы директоры Назгүл Қабдрахманованың айтуынша, жаңа талапта клиникалық-диагностикалық бөлімшелерді ашу міндеті де бар.
 
Қазіргі кезде Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін 257 жеке ұйымның 219-ында клиникалық-диагностикалық бөлімшесі жоқ. Демек, 219 ұйым медициналық көмек көрсету нарығынан шығып қалады. Мұндай жағдайға күндізгі стационарлар қалып отыр. Олар жаңа талап бойынша тіркелген тұрғындардың қажетті көлемі болмаса, пациенттерді қабылдай алмайды. Қазақстан бойынша олардың саны 239 бірлік. Осылайша Қазақстан бойынша 458 медциналық ұйым жабылу алдында тұр, – дейді Қабдрахманова.
Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: