2 Қараша 2016, 10:33
Астана қаласында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше мемлекеттердің есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі құзыретті органдар басшыларының 18- отырысы болып өтті.
Іс-шараға ҰҚШҰ Хатшылығының өкілдері, Қазақстан Республикасының, Ресей Федерациясының, Армения Республикасының, Беларусь Республикасының, Қырғыз Республикасының, Тәжікстан Республикасының есірткіге қарсы ведомстволарының басшылары қатысты.
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымов өзінің алғы сөзінде осындай тікелей байланыстар практикалық деңгейде тұрақты және іскерлік ынтымақтастықты қалыптастыруға, жедел ақпараттармен алмасуға, ауқымды және аумақтық жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу кезінде өзара іс-қимыл жасасуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Мысалға ҰҚШҰ қолдауымен жыл сайын «Арна» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіледі. Орта есеппен, біздің елімізде 3 мыңға жуық есірткі қылмысы анықталады, 30 тонна есірткі, оның ішінде 150 кг героин алынады.
Соңғы жылдары шегуге арналған түрлі қоспалар мен спайстар белең алуда. Олардың айланымына бірлесе қарсы тұру үшін ағымдағы жылдың қыркүйек айында Санкт-Петербург қаласында өткен Ішкі істер министрлері кеңесінің отырысында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрестегі ынтымақтастығы туралы келісімге бірқатар сәйкес түзетулер енгізілді.
Қазіргі уақытта ТМД елдерінің 2018 жылға арналған есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі мемлекетаралық бағдарламасы іске асырылуда.
Сонымен қатар отырыста ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердегі есірткі ахуалының өзгеруінің негізгі үрдістерін талдау мен айқындауға, 2017 жылы осы жағдайдың қандай боларын болжауға байланысты өзекті мәселелер қаралды. Есірткі айналымын реттейтін ұлттық нормативтік құқықтық актілерді талдауға, озық тәжірибемен және ақпаратпен алмасуға, оның ішінде кадрларды даярлау және біліктіліктерін арттыруға, ауған есірткі өндірісіне қарсы іс-қимылға бағытталған бірлескен есірткіге қарсы операцияларды өткізу арқылы жедел бөліністердің ынтымақтастығын дамытуға байланысты өзекті мәселелер қаралды.
Алмас САУДАНБАЙ