Елімізде жаңадан ашылған балабақшалар лицензиялаудан өтеді

19 Шілде 2022, 14:17 1515

Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Шолпан Қаринова өзінің Facebook -тегі парақшасында мәлімдеді

Бірінші кезекте жаңадан ашылған балабақшалар лицензиялаудан өтеді. Тек содан кейін қазір жұмыс істеп тұрған мектепке дейінгі білім беретін ұйымдар лицензияланады, – деп хабарлайды El.kz.

Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Шолпан Қаринова өзінің Facebook -тегі парақшасында мәлімдеді.

– Бүгінде әлеуметтік желілерде балабақшаларды лицензиялау мәселесі белсенді талқылануда. Бірі балабақшаларды тез арада лицензиялау керек десе, енді бірі лицензиялауды енгізу мектепке дейінгі білім берумен айналысатын жеке бизнестің дамуына кедергі келтіреді,– деп санайды.

Лицензиялау балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың жиілеуіне байланысты енгізілуде деген дұрыс емес. Мұны барлық ата-аналар мен қоғам түсініп отыр.

– Мемлекет балабақшаларды жабу міндетін қойып отырған жоқ. Лицензиялау керісінше мемлекеттік және жеке мектепке дейінгі ұйымдардың дамуына жағдай жасайды.Тек биылғы жылы мемлекеттік қолдау шараларының арқасында 300-ден астам балабақша ашылып жатыр. Олардың жартысынан көбі жеке балабақшалар, - деп жазды вице-министр.

Шолпан Қаринованың мәліметінше, лицензиялау талаптары аз болады. Балабақша тарапынан педагогтердің және оқу материалдарының жеткілікті болуы, орнатылған бейнекамералар, санитариялық және өрт қауіпсіздігі нормаларының сақталуы мен меншікті немесе жалға алынған ғимараттың болуы сұралады.

–Лицензиялау кезең-кезеңмен жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Алдымен заңдарға және басқа да актілерге өзгерістер енгізіледі. Бірінші кезекте жаңадан ашылған мектепке дейінгі ұйымдар лицензиялаудан өтеді. Яғни, жылына шамамен 200 жаңа балабақша. Содан кейін лицензиялаудан бүгінде жұмыс істеп тұрған мектепке дейінгі мекемелер өтеді. Олардың да саны аз. Жылына 10-15 балабақша. Балабақшаларға бармай-ақ, тәуекелді жағдайлар Ұлттық білім беру деректер қоры арқылы автоматтандырылған негізде анықталатын болады – деп мәлім Шолпан Қаринова.

Еске сала кетейік, бұған дейін балабақша қызметін лицензиялау 2024 жылы басталатынын жазған едік.
 

Бөлісу: