Елімізде тұңғыш әскери театр құрылады

22 Қаңтар 2022, 09:34 5884

Елімізде тұңғыш рет әскери театр құрылғанын бірі білсе, бірі білмейтін шығар. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің жанына алғаш рет әскери театр ашылмақшы. Жақында Ұлттық әскери патриоттық орталықта аталмыш театрдың шығармашылық ұжымы тырнақалды туындысын саханалады. Тұңғыш қойылған әскери-тарихи драмалық спектакль Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың өмірі мен ерлігіне арналды. Бұл спектакль Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы базасында әскери театр құру идеясының пилоттық жобасы екенін айта кеткен жөн.


Әскери-тарихи драманы қою үшін қызықты сахналық шешім іздеп, декорация, реквизиттер мен костюмдерді дайындауды әскери-патриоттық орталықтың жеке құрамы толықтай өздері атқарған. Тіпті басты рөлді сомдаған әртіс те өз орталарынан табылыпты.

– Әскери театр – жастарды әскери-патриоттық рухқа тәрбиелейтін көрнекті мәдени жоба, таптырмас құрал дер едім. Қазақстанның әскери тарихында біз үшін үлгі боларлық тұлғалар Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Талғат Бегелдинов, Сергей Луганский, Леонид Беда, Хиуаз Доспанова, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Иван Панфилов, Мәлік Ғабдуллин секілді әйгілі есімдер көп, – дейді әскери театрдың режиссері Жұлдыз Искакова.


Жұлдыз ханым театр – ол замандар арасындағы алтын көпір екенін айтады.

– Себебі театрда біз сан мың жылдарға ұласқан тарихымызды қопарып, батыр бабаларымыздың, қазақтан шыққан ұлы тұлғалардың тағдыры мен ерлігін, артына қалдырған мол мұрасын әскери патриоттық тәрбиенің өзегі ретінде дәріптейміз. Қазақ халқынан шыққан ақын-жазушылар мен ғұламалар, батырлар оның ішінде Ұлы Отан соғысында шайқасқан майдангер бабаларымыздың ерлік істері бізге үлкен адамгершілік мектеп іспетті. Өйткені ол жерде Отанға деген сүйіспеншілік, нағыз шынайы махаббат бар. Патриоттық тәрбиенің өзегі ретінде жастарға әскери театр керек деген пікірдемін,- дейді әскери театрдың қоюшы-режиссері Жұлдыз Искакова.


Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толады. Аталмыш мерейлі датаға тарту ретінде алғаш рет Қорғаныс министрлігінің жанынан әскери театр ашылғалы отыр. Бұл бастамаға Бас штаб бастығының орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы генерал-майор Бурамбаев Серік Жақсығалиұлы қолдау білдірген. Әскери театрды шығармашылық ұжым ҚР Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толуына байланысты әрі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы құрметіне жаңалық ретінде, сый ретінде тарту етпекші.  

Жұлдыз ханымның айтуынша, Әскери театрдың ресми ашылу салтанаты көктем немесе күз айларына жоспарланып отыр. Десе де әскери өнерпаздардың алғашқы қойылымы көрерменге жол тартып, жақсы баға алып үлгеріпті.

– Әскер, армия десе бірден майдан даласында ерлік көрсеткен, батыр бабаларымыз еске оралатыны ақиқат. Әсіресе Жеңіс мерекесінде біз «Ешкім ешқашан ұмытылмайды» деген ұранды көбірек ұрандатамыз. Шынымен де ешкім ешқашан ұмытылмайды. Олардың ерлігін насихаттау, өскелең ұрпаққа жеткізу – бәрімізге парыз. Әскери театрдың мүмкіндігін байқап көру үшін шағын формада қазақтың қос шынарының бірі – Әлия Молдағұлованың ерлігін баяндайтын әскери-тарихи драманы сахналадық. Біз әлі ресми түрде ашылмағандықтан, Ұлттық әскери патриоттық орталықтың құрамындамыз. Орталықтың ішінде әскери музей, әскери орталық ансамбль, орталық әскери оркестр бар. 6 жылдан бері аталмыш орталық әскери-патриоттық тәрбиемен айналысып келеді. Музейге біз мектеп оқушыларын шақырамыз, ансамбль келушілерге өзінің әскери-патриоттық әндерінен шашу шашса, шығармашылық ұжым бүкіл Қазақстанды аралап, патриоттық бағыттағы шараларды жыл бойы атқарып келеді. Орталықтың жанынан әскери театр ретінде құрылып, қатарларын толықтырып отырмыз. Үлкен шығармашылық ұжымға айналамыз,- дейді режиссер Жұлдыз ханым.


Жұлдыз Искакованың айтуынша, алғашқы қойылымды сахналауға әскери ансамльдің әншілері сондай-ақ ғылыми қызметкерлер, әскери оркестр мамандары жұмылдырылған.

– Батыр апамыз Әлия Молдағұлованың рөлін вокалист сержант Алтынай Хабдесова сомдады. 1 сағатқа созылатын әскери-тарихи драманы Жеңіс мерекесі қарсаңында сәуірдің 26 күні көрерменге ұсындық. Келушілер жылы қабылдады, кәсіби тұрғыда баға берген өнер саласының мамандары болды. Театрда 25 жылдан астам уақыт қызмет жасап келе жатқан Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры мен Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрынан келіп тамашалаған ағаларымыз болды. Көрермен жылы қабылдағаннан кейін генерал мырза Серік Жақсығалиұлы бізге сенім артып, театр ретінде ары қарай нығая түсуге мүмкіндік беріп отыр. Жалпы қоғамға әскери театр қажет екенін осы қойылым арқылы дәлелдей алдық деп айта аламын,- дейді қоюшы-режиссер.


Сержант Алтынай Хабдесова кәсіби маман. Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі, вокал мамандығын меңгерген. Әріптестерінің айтуынша биязы, жұмсақ, жауапты маман. «Осындай болмысы нәзік қыздан батыр қызды шығара алсақ, болашақта барлық спектакльдерді сомдай аламаз, сахналай аламыз деп ойладым. Алтынайға рөлді ұсына отырып, «сенің қолыңнан келеді», «сенің мүмкіншілігің жетеді» деп қанаттандырдым»,- дейді Жұлдыз ханым әңгімесін әрі қарай сабақтап.

Сержант Алтынай Хабдесова, басты рөлді сомдаған актриса:


– Мен үшін Әлияның рөлін сомдау – үлкен мәртебе болды. Батыр апамыздың бейнесін, болмысын көрерменге барынша шынайы жеткізу үшін ең әуелі өзімде сенімділік, қайсарлық болуы керек деп тырыстым. Және бұл менің актерлік шеберлігімді көрсететін өнердегі алғашқы тәжірибем болды. Әрине қатты қобалжыдым. Бұл рөлді ойнай аламын ба, қолымнан келе ме деп қатты толқыдым. Себебі оңай рөл емес. Жалпы өзім жауапты адаммын. Сол талаптың арқасында осы рөлді тиянақты алып шықтым деп ойлаймын. Театр деген кино сияқты емес қой. Кино туындыны бірнеше дубльмен түсіруге болатын болса, театр сахнасында көрерменің алдында қателесуге рұқсат жоқ. Сондықтан бар ынтамды салып, бүкіл болмысыммен рөлге кіріп, ойнауға тырыстым. Әлия Молдағұлованың бейнесіне қанығып, болмысымен жақынырақ танысу үшін батыр апамыз туралы кино тамашалап, көптеген кітаптарды ақтардым. Әлияға қатысты құнды деректерді парақтадым. Тағдыры ауыр екен, филмьді көрген кезде жылап алдым. Нәзік қана қазақтың қаршадай қызы қандай мықты, қайсарлы адам болғанын түсіндім. Алдымда үлкен жауапкершілік тұрғанын сезініп, образын жеткізуге барынша тырыстым.


Әскери театр мамандарының айтуынша, болашақта театрдың құрамына кәсіби мамандар шақыру жоспарланып отыр. Биыл қазақ армиясының құрылғанына 30 жыл толатынына байланысты театр ұжымының дайындап жатқан қойылымы бар екен. Қарулы Күштердің құрылған күніне олар Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов туралы спектакль қоймақшы. Онда тұңғыш Елбасы мен Сағадат Нұрмағамбетовтің алғаш ҚР Қарулы Күштерінің іргетасын қалай қалағаны, сіңірген еңбектері туралы баяндалмақшы.

– Сағадат Нұрмағамбетовке арналған ақпараттық-тарихи қойылым қоймақпыз,- дейді Жұлдыз Искакова. – Алғаш қазақ армиясының құрылуына атсалысқан сол кездегі полковниктер бүгін де генералдар. Мемлекет шекарасының етегін қымтап, қорғанысын күшейтетін сын сағатта Сағадат атамыздың қасынан табылған әскери тұлғалардың да еңбегін ескеруді, қосуды жөн көрдік. Мәселен, театрларда кейбір қойылымдарда ойдан шығарылған кейіпкерлерден тұратын болатын болса, біздің мақсатымыз – болған оқиғаның ізімен құралған спектакльдер сахналау. Тарихи фактілерге, шынайы оқиғаларға көбірек мән беру.


Жұлдыз Искакова өзі Темiрбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясынын «Кино жане теледидар» режиссеры мамандығын тәмамдаған маман. Кейіннен Ресей Федерациясының Сергей Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтында білім алып, өнертану магистрi атанған. Елімізде алғаш әскери театр құру туралы идеяның авторы да өзі.


Жұлдыздың айтуынша, алда тағы бір қойылымды сахналау жоспары бар. Бұл да ауқымды тақырыпты арқалаған спектакль болмақшы екен. Кеңес Одағының Батыры, әскери қайраткер, Иван Васильевич Панфиловтың ерлігін дәріптейтін спектакль қойылмақшы.

Панфиловтың басқаруында болған дивизиядағы жиырма сегіз гвардияшы-панфиловшы қазақстандық жауынгерлер болғаны белгілі,- дейді қоюшы-режиссер. – Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясының жауынгерлері Волоколамск бағытын қорғауда асқан ерлік көрсеткені мәлім. Мәскеуді қорғаған жиырма сегіз гвардияшы панфиловшылардың ерлік даңқын бәріміз білеміз. Панфиловшы батырлар тобының ерлігі Кеңес әскері жауынгерлерінің жаппай ерлік көрсетуінің үлгісіне айналып, 17 қарашада 316-атқыштар дивизиясы Сегізінші гвардиялық атқыштар дивизиясы болып аталып, Қызыл Ту орденімен марапатталғаны туралы дерек бар. Міне осы әскери қайраткер генерал Панфилофтың өмірін баяндайтын, сондай-ақ даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин секілді майдан даласында шайқасқан батырларымыздың есімдерін атап, ерліктерін паш ететін қойылым қойғымыз келеді.


Әлем халықтарының арасында «Театр – адамдарды туыстыратын шығармашылық отбасы» деген ұғым бар. Ал, Жүсіпбек Аймауытов «... театр деген нәрсе ермек емес, көңіл көтеру де емес, ол – үлгі, ол – тәрбие, өнер орны»,- деген екен.

– Немістің танымал режиссері Михаиль Тнельхаймер «The New Times» газетіне берген «Егер қоғамда жара болса...» деген сұхбатында: «Егер қоғамның жаны жаралы болса, театр оны «бəрі жақсы болады» деген желеумен емдеуге тиісті емес, керісінше, сол жараны нұқып көрсетуі керек, қаттырақ айтсам, сол жарасына саусағын батыру керек. Ауырту керек. Сол кезде ғана театр көрермен алдындағы өз борышын өтейтіні анық» - деген екен. «Театр – сымбатты өнердің ішіндегі ең зор өнердің бірі». Енді ғана аяқтан тұрып келе жатқан әскери театрмыз қанатын биікке сермеп, қазақ әскери өнеріне, қазақ мәдениетіне тамшыдай болсын үлес қосса деген арманым бар,-дейді Жұлдыз.


Ұлттық әскери-патриоттық орталық мамандарының айтуынша, әскери театрға кіру тегін болады. Аталмыш орталықтың ішінде әскери тарихи кітапхана ашылғанын да айта кеткеніміз жөн. Режиссер Жұлдыз ханымның айтуынша, әскери-тарихи музей мен әскери кітапханадағы ғылыми еңбектер мен ақпараттар театр сахнасында сөйлей бастайды. Бұған дейін кітапхана қорындағы кітаптар тек сөреде тұрған болса, енді театр ұжымы сол кітаптарды сөйлетеміз деп бекініп отыр.

Шағын ұжым 2015 жылы құрылған Ұлттық әскери-патриоттық орталықты театрмен тірілтіп, жандандырамыз деген үлкен идеологиялық мақсаттың жетегінде еңбектеніп жатыр.

Бақытгүл Абайқызы
Бөлісу: