Елімізде 13 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді

21 Шілде 2022, 19:35 3335

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспанов айтты

Арнайы экономикалық аймақтар Қазақстанның барлық дерлік өңірлерінде жұмыс істейді. Бүгінде елімізде 13 АЭА бар, – деп хабарлайды El.kz порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспанов айтып берді.

Спикердің айтуынша, отандық арнайы экономикалық аймақтардың экономиканың белгілі бір перспективалы салаларына көңіл бөлуге мүмкіндік беретін салалық ерекшелігі бар.

– Отандық АЭА ұзарту құқығымен 25 жылға құрылады және ел аумағында жоғары технологиялық және бәсекеге қабілетті өндірістер құру мақсатында отандық және шетелдік инвестицияларды, технологияларды, құзыреттерді тарту үшін дайын өндірістік алаң болады. Қазіргі уақытта ел аумағында 13 АЭА жұмыс істейді, олар барлық өңірлерде құрылған, –деді Ілияс Оспанов орталық коммуникациялар қызметінде.

АЭА қатысушылары үшін арнайы құқықтық режим қолданылады, олар - салық міндеттемесінен босату, кедендік баждан босату, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы бар дайын өндірістік алаң ұсыну және квоталар мен шектеулерден тыс шетелдік жұмыс күшін тарту мүмкіндіктері.

– Бүгінгі таңда отандық АЭА инвестиция қоржынында 21 мыңнан астам жұмыс орны құрылған, 1,2 трлн теңгеге шамамен 315 жоба іске асырылған. Жобалар экономиканың барлық базалық салаларында ұсынылған және қосылған құны жоғары және күрделі тауарларды өндіруге бағытталған, – деп толықтырды комитет төрағасы.

Бөлісу: