Елімізде жыл сайын 30 мыңға жуық жаңа онкологиялық жағдай анықталады

12 Қазан 2023, 20:28 725

Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник Қазақстандағы онкологиялық көмекті кешенді жаңғырту туралы айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Онкологиялық аурулар мәселесі бүкіл әлемдегі денсаулық сақтау жүйесі үшін басымдық болып қала береді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, ерте ме, кеш пе планетаның әрбір 5 тұрғыны обырға шалдығады. Әрбір 8-ші ер адам және әрбір 11-ші әйел осы аурудан қайтыс болады. Өлім бойынша обыр жүрек-қан тамырлары ауруларынан кейін екінші орында. Қазақстанда соңғы 20 жылда онкопатологиямен сырқаттанушылық 25% - ға өсті», - деді В.Дудник.

Сырқаттанушылық статистикасы туралы айта отырып, елімізде жыл сайын 30 мыңға жуық жаңа онкологиялық жағдайлар анықталатынын еске салғанымыз жөн. Елімізде динамикалық бақылауда 217 мыңнан астам пациент бар және олардың жыл сайынғы өсімі шамамен 5%-ды құрайды. 

Сонымен қатар, обыр әйелдердің арасында жиі кездеседі және бірінші орында - сүт безі обыры (13%), жыл сайын орта есеппен 5 мың әйелге СБО диагнозы қойылады. Екінші орында - өкпе обыры (10%), үшінші орында – ішек обыры (9%). Елімізде жыл сайын 13 мыңнан астам адам обырдан қайтыс болады.  Ер адамдар обырдан жиі қайтыс болады (53%), бұл өлім құрылымымен байланысты.

В. Дудник түсіндіргендей, ересектерге онкологиялық көмек үш деңгейде жүзеге асырылады.

«Алғашқы көмек тұрғылықты жері бойынша МСАК ұйымдарында көрсетіледі. 2 мыңнан астам тексеру кабинеті және 500-ден астам онколог дәрігердің кабинеті жұмыс істейді. Онкопатологияның ерте диагностикасы (0-I кезең) онкологиялық қызметтің тиімді жұмысын сипаттайтын негізгі көрсеткіштердің бірі болып табылады», - деді вице-министр.

Ол соңғы жылдары бұл көрсеткіштің өсуі байқалып отырғанын және бүгінгі күні ол шамамен 30%-ды құрайтынын, бұл 5 жылдық өмір сүру ұзақтығын 90%-ға дейін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Дамыған жағдайларда 5 жылдық өмір сүру деңгейі 20%-дан аспайды.

Үкімет қабылдаған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2023 – 2027 жылдарға арналған кешенді жоспар шеңберінде 5 негізгі бағыт іске асырылатын болады.

Бірінші бағыт  «Қауіп факторларының профилактикасы және басқару», оның шеңберінде онкологиялық сақтану және онкологиялық ауруларды ерте сатысында анықтау және емдеуді уақтылы бастау үшін скринингтен өту қажеттілігі бойынша халықтың арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілетін болады.

Сондай-ақ өлімнің негізгі себебі ретінде өкпе обырын ерте анықтауға скрининг енгізу жоспарлануда.

Жасөспірім қыздардың арасында 2024 жылдан бастап кезең-кезеңімен адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялау басталады. Мысалы, Швеция мен Аустралияда HPV вакцинациясын енгізгеннен кейін, вакцинацияланғандардың арасында жатыр мойны обыры жағдайлары тіркелмегені атап өтілді.

Екінші бағыт – «Жоғары тиімді ерте диагностика» шеңберінде скрининг және уақтылы тексеру жүргізу үшін емханалар мен онкологиялық орталықтарда диагностикалық және зертханалық жабдықтарды жаңарту көзделген.  Сондай-ақ, әрбір өңірлік онкологиялық орталықта мамандандырылған зертханалар мен диагностикалық блокты қажетті жабдықтармен жабдықтау жоспарлануда.

Онкологиялық науқастарды сәулелік терапиямен қамтуды 33%-дан ДДҰ ұсынған 50%-ға дейін ұлғайту үшін кешенді жоспар шеңберінде еліміздің барлық өңірлерінде «Қазақстан халқына» Қоғамдық қорының қатысуымен өңірлерде сәулелік терапия жүргізу үшін 16 желілік үдеткіш, сондай-ақ брахитерапия үшін 13 аппарат және жақын фокустық терапия үшін 17 аппарат орнату жоспарлануда.

Бұдан басқа, химиялық және иммундық-онкологиялық препараттар желісі кеңейтіледі, гендік инженерияны, радиофармацевтикалық дәрілік заттарды пайдалана отырып терапия енгізіледі.

ЖАО-ның есебінен Алматы, Атырау, Жетісу, Ұлытау облыстарында және Алматы қаласында жаңа онкологиялық орталықтар салуға ЖСҚ әзірлеу жөніндегі іс-шара енгізілді. Республикалық бюджеттің есебінен Қостанай, Ақтөбе қалаларында радиологиялық және реанимациялық-операциялық блокты реконструкциялау көзделген. «Паллиативтік көмек және оңалту» бағыты бойынша жылжымалы паллиативтік бригадалар, оңалту көмегіне арналған төсек қорының санын ұлғайту көзделген,  ауырсынуды басатын дәрілердің спектрі кеңейтілетін болады.

В. Дудник Астана қаласында онкологиялық көмек көрсету бойынша жоғары технологиялық клиникалардың әлемдік стандарттарына сәйкес келетін, елдің ғылыми-білім беру орталығы болып табылатын Ұлттық ғылыми онкология орталығының құрылысы аяқталатынын еске салды.

Осы орталықтың базасында сәулелік және протондық терапия, радионуклидтік диагностика және терапия орталықтары, ісік геномы зертханасы жұмыс істейтін болады.

«Бұл ауқымды қаржыландырылатын онкология бағдарламасы алғаш рет әзірленді және біз онкологиялық аурулардан болатын өлімнің төмендеуін және онкологиялық науқастардың 5 жылдан астам өмір сүруінің 60%-ға дейін ұлғаюын күтеміз», - деп түйіндеді Денсаулық сақтау вице-министрі.

Берік Арманов
Бөлісу: