Елімізде жыл сайын 15 тоннадан 20 тоннаға дейін есірткі тәркіленеді – ІІМ

11 Желтоқсан 2023, 11:47 924

Елімізде жыл сайын 15 тоннадан 20 тоннаға дейін есірткі тәркіленеді. Бұл туралы ішкі істер министрі Ержан Саденов Мәжілісте өткен Үкімет сағатында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Осы жылы бұл көрсеткіш соңғы 6 жылда болмаған ең жоғары шегіне жетті – шамамен 37 тонна тәркіленген. Ол «Қарасора» операциясының нәтижесінде анықталып отыр.

Министрдің сөзінше, есірткі егістерін анықтау үшін тікұшақ техникасы, өтімділігі жоғары көлік, сондай-ақ пилотсыз ұшу аппараттары қолданылады. Былтырдан бері жер бетін ғарыштан алдын ала тексеру жүргізіліп жатыр.

Биыл 4 трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды. 14 топ қатысушысы қылмыстық жауапкершілікке тартылды, олардың ішінде 13-і шетел азаматтары. Олардан шамамен 100 кг «синтетика», 85 тоннадан астам прекурсор, 13 реактор және 1 мыңнан астам зертханалық құрал-жабдық тәркіленді. Құқық қорғау және арнайы органдармен барлығы 75 жасырын есірткі зертханасы жойылды.100 тоннадан астам прекурсор тәркіленді. 8 тоннадан астам тұтынуға дайын заттар өндірісінің жолы кесілді. Бұл шамамен 25 млн бір реттік дозалар және мыңдаған аман қалған адамдардың өмірі, - деді ішкі істер министрі.

Ержан Саденовтің айтуынша, «синтетикалық есірткі» бірден тәуелділікке әкеп соқтырады және денсаулықты құртады. Есірткі таратушылардың қатарына олар «жеңіл ақша табуды» көздеп, төмен құқықтық сауаттылық, мәдениет және әлеуметтік жауапкершілік салдарынан түседі. Бүгінгі күнде 6 кәмелетке толмаған бала сотталды. Тағы 26 жасөспірім жауапкершілікке тартылды. 

Миражан Махан
Бөлісу: