Елімізде жыл басынан бері өндірісте 69 адам көз жұмған

25 Шілде 2023, 10:19 877

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің мәліметі бойынша, 2023 жылғы екі тоқсан қорытындысы бойынша өндірістегі жазатайым оқиғалардан 640 жұмыскер зардап шегіп, оның 69-ы қаза тапты, деп хабарлайды Еl.kz ақпарат агенттігі.

Бұл ретте биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша өндірістік жарақаттану 2022 жылдың екінші жартыжылдығымен салыстырғанда 4%-ға төмендеді.

Ведомство мәліметінше, биылғы 6 айда өндірістік жарақаттану коэффициенті (1000 жұмыскерге шаққандағы жазатайым оқиғалардың жиілігі) 0,09 құрады.

Өндірістік аймақтарда жарақат алудың ең жоғары деңгейі сақталған. Мәселен, Қарағанды облысында – 79 адам, ШҚО-да – 53 адам, Абай облысында – 50 адам, Павлодар облысында – 46 адам, Қостанай облысында – 44 адам, Ақтөбе облысында – 40 адам зардап шеккен. Сондай-ақ Алматы қаласында 50 адам зардап шекті, - делінген.

Экономиканың салалары бойынша ең көп зардап шеккендер тау-кен металлургия кешенінің өнеркәсіптерінде – 21,8 % және құрылыс саласында – 10,6%.

Жазатайым оқиғалардың орын алуының негізгі себептері: жәбірленушінің өзінің өрескел абайсыздығы (33,3%); өндірістегі жұмыстың тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы (27,1%); еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерін бұзу (9,3%); жол қозғалысы ережелерін бұзу (8,4%).

Мадина Асылбекова
Бөлісу: