Елімізде жұмыспен қамтылған 4,3 млн әйел бар

7 Наурыз 2023, 11:15 756

Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

«Елімізде еңбек жасындағы 4,5 млн астам әйел бар. Оның 75 % экономиканың түрлі саласында қызмет жасап жүрген жалдамалы жұмыскерлер. Әйелдердің 35 % сауда және қызмет көрсету саласында, 32 % білім, денсаулық және ғылым саласында болса, 14%  өнеркәсіп, құрылыс және транспортта, 9,5%   ауыл шаруашылығында еңбек етуде. Дегенмен әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейінің жоғарылығы олардың қатарында еңбек жасындағы адамдардың көптігін көрсетеді. Бұл көрсеткіштің алдағы уақытта 2000 жылдардан кейінгі жас ұрпақ есебінен күрт өсу ықтималдығы мен әйелдерді жұмысқа тарту шараларына ерекше назар аудару керек екенін көрсетіп отыр», – деді министр.

Сонымен қатар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова былтыр өңірлерде 536 000 әйел жұмысқа тартылғанын мәлімдеді.

«Өткен жылы өңірлерде 536 000 әйел жұмысқа тартылды. Бұл жалпы жұмыспен қамтылған азаматтардың 55% құрайды. Ал биылғы жылдың бастапқы екі айында бұл көрсеткіш 92 000-нан асты. Бұл ретте жастарға баса назар аударылуда. Өткен жылы оқуын жаңадан бітірген 30 000-ға жуық жас қыз мемлекет тарпынан субсидияланатын жұмыс орындарына жіберіліп, алғашқы жұмыс орнын тапты», деді министр.

Сонымен қатар Тамара Дүйсенова мемлекеттік қолдаудың тағы бір маңызды шарасы оқыту және одан кейін жұмысқа орналастыру немесе өз ісін ашуға мүмкіндік жасау екендігін атап өтті.

«Былтыр 80 000-ға жуық әйел өз қалауы бойынша кәсіпкерлік негіздерін үйрететін курстарды оқып бітірді. Оқудың қорытындысы бойынша 13 000-ға жуық әйел грант алды. Олардың 58% қызмет көрсетуге немесе тауар өндіруге қажетті технологиялық жабдықтар алса, 31% мал сатып алып, жеке шаруашылығын дамытуда» деді ол.

Акжан Ибрагимова
Бөлісу: