Елімізде жұмыс іздеушілер саны 3 есеге өсті

17 Ақпан 2023, 18:32 1226

Қазақстанда жұмыс іздеп жүргендердің белсенділігі үш есе артып, қаңтар айында электрондық еңбек биржасында 130 мыңнан астам түйіндеме салынған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жұмыс іздеушілердің басым бөлігі Түркістан облысының тұрғындары. Егер желтоқсан айында электрондық еңбек биржасында олар 3,3 мың түйіндеме жарияласа, қаңтар айында хабарландыру саны 30 мыңға дейін өскен. Одан кейін Қызылорда облысының тұрғындарының белсенділігі тұр. Өңір халқының сұранысы екі мың түйіндемеден қаңтар айында бірден 14,2 мыңға дейін көтерілді. Ал Алматыда қаңтарда 10,5 мың адам жұмыс іздеген. Жалпы, қаңтарда электрондық еңбек биржасында қазақстандықтар бас-аяғы 134,5 мың түйіндеме жариялады.

«Осылайша, қаңтар айындағы алдыңғы айлармен салыстырғанда кадрларға қажеттіліктің біліктілік құрылымы өзгеріске ұшырады: жоғары білікті кадрларға сұраныстың артуы және дәстүрлі жетекші біліктілігі жоқ кадрларға сұраныстың қысқаруы байқалады», – деп атап өтті «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Стратегия департаментінің директоры Ұлпан Шегенова.

Өтініш берушілер арасында әйелдер ЭЕБ-да белсенділік танытып, қаңтар айында барлық түйіндемелердің 55% құрады. Сонымен қатар, ЭЕБ-да түйіндемелердің 42% - 16-35 жас аралығындағы жастар санаты. 

«Ағымдағы жылдың қаңтар айында білікті мамандықтардың ішінде барлық профильдегі дәрігерлер (1893 бос жұмыс орны және 449 түйіндеме), жылжымайтын мүлік агенттері (872 бос жұмыс орны және 45 түйіндеме) және мейірбике қызметкерлері (1524 бос жұмыс орны және 727 түйіндеме) айтарлықтай тапшылықта болды. Қостанай (10 түйіндемеге 243 бос жұмыс орны), Ақмола (10 түйіндемеге 154 бос жұмыс орны) және Батыс Қазақстан облыстарында (5 түйіндемеге 140 бос жұмыс орны) жоғары білікті денсаулық сақтау кадрларының көпшілігі жетіспеді», - деп толықтырды Ұлпан Шегенова.

EL.KZ
Бөлісу: