Елімізде жамбы атудан әлем чемпионаты өтеді

16 Тамыз 2023, 17:24 1746

“Жамбы ату” ұлттық спорт федерациясы” Халықаралық ат үстінде садақ ату альянсымен (International Horseback Archery Alliance) меморандумға қол қойып, халықаралық ұйымның ресми мүшесі атанды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Одан бөлек Будапештте Мажарстанның Немети атындағы Ат үстінде садақ ату академиясының спорт ассоцияциясымен серіктестік меморандумы екі жақ тарапынан бекітілді. Екіжақты серіктестіктің мақсаты – спорт жарыстарының ережелері мен стандарттарын дайындау, жаттығу, техника мен ат үстінде садақ ату тәсілдері бойынша тәжірибе мен білім алмасу, бірлескен оқу-жаттығу жиындарын, жарыстар, лагерлер өткізу, аталған спортқа қатысатын спортшыларды, бапкерлер мен төрағаларды қолдау.

“Жамбы ату” ұлттық спорт федерациясының президенті Еркебұлан Ілиясовтың айтуынша, бұл әріптестік келешекте тәжірибе алмасуға, жамбы атудың бізге беймәлім тәсілдері мен қыр-сырын үйренуге пайда тигізеді.

“Одан бөлек халықаралық жарыстар ұйымдастыру тәжірибесін үйренуге үлкен мүмкіндік. Басқа да халықаралық додалар туралы ақпаратқа қол жеткізіп, спортшыларымызды соған сай дайындап, елімізді танытуға мүмкіндік береді”, - дейді федерация басшысы.

Жаугершілік заманда өмірі ат үстінде өткен халық жылқы малымен, садақ атумен байланысты спорт түрлеріне ерекше ықыласты. Сондықтан жамбы ату қазақ халқы үшін бөтен емес, жадынан кетпеген. Керісінше жай ағаштан садақ тартып өткен аталарымыздан балаға мирас болып, бүгінде халықаралық додаларда бой көрсетіп, үздік танылып жүрген отандастарымыздың саны жыл сайын артып келеді.

Күні кеше Мажарстанның Помаз қаласында жамбы атудан өткен Әлем кубогында әлемнің 20 елінен жиналған 100-ден астам құралайды көзге мергендер арасынан үш қазақстандық суырылып шығып, үздіктер қатарынан көрінді. Атап айтсақ, Ералхан Айкөз алтын, Батыр Бексауыт пен Мадияр Шәріпбаев күміс жүлдені еншіледі. Мергендеріміз Германия, Франция, Финляндия, Италия, Португалия, Мажарстан спортшыларын басып озып, көрермен көзайымына айналды. Жалпы, қазақ садақшыларының шетелде өте танымал екені әлеуметтік желілерде, БАҚ бетінде жиі айтылады.

Айта кету керек, ат үстінде садақ ату спортына мемлекет тарапынан қолдау да жыл сайын күшейіп келеді. Биыл бұл спорт түрі үшін табысты жыл болды. Шымкентте алғаш рет Азия кубогы ұйымдастырылса, келер жылы Әлем чемпионатын өткізу жоспарланып отыр. Үкімет тарапынан келісім беріліп, дайындық басталып кетті. Халықаралық доданы жоғары деңгейде өткізу келер ұрпақтың қызығушылығын арттыру үшін де маңызды. Бұған қоса халықаралық ұйымдар мен ассоцияциялар да серіктестікке ниет танытып жатыр.

EL.KZ
Бөлісу: