Елімізде заңсыз жұмыс істеген шетелдіктер анықталды

6 Наурыз 2023, 12:01 1158

Елімізде шетелдіктердің заңсыз еңбек қызметіне қатысты 3 мыңға жуық факті тіркелді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Бұл туралы Ішкі істер министрлігі баяндады. Министрліктің мәлімдеуінше, пайда табу үшін жұмыс берушілер шетелдіктерді заңсыз жұмысқа қабылдайды. 

Бүгінде елімізде шетелдіктердің заңсыз еңбек қызметіне қатысты 3 мыңға жуық факті анықталды. Оны ішінде 471 жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Алматы және Атырау қалаларының құрылыс нысандарында заңсыз жұмыс істеген 145 шетелдік болған. Сондай-ақ, Астана, Шымкент, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында да осыған ұқсас жайттар тіркелді. 

«Өздеріне келген шетелдіктер туралы полицияны уақтылы хабардар етпегені үшін 3 631 жеке және заңды тұлға жауапқа тартылды. Көші-қон заңнамасын бұзушыларды елден шығару туралы соттың 674 шешімі шығарылып, нәтижесінде Қазақстанға кіруге 5 жылға тыйым салынды. Өз елінде қылмыс жасап іздеуде жүрген 22 шетелдік қолға түсті. Рейд кезінде Жамбыл облысында Шекара қызметімен және ҰҚК-мен бірлескен іс-қимылының нәтижесінде елімізге заңсыз кірген Пәкістанның 9 азаматы және Алматыда 2022 жылғы қарашада өткізу пунктінен тыс мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен Қырғыз елінің азаматы ұсталды. Осыған қатысты сотқа дейінгі тергеу және заңсыз иммигранттарға баспана берген адамдарға қатысты да тергеу жүргізіледі», – деді ІІМ баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: