Елімізде УЕФА стандартына сай 13 футбол алаңы салынды

18 Қараша, 17:13 822

Қазақстан футбол федерациясы ALAŇ жобасы аясында республикамызда 13 жаңа алаңды қолданысқа берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚФФ мәліметінше, халықаралық талаптарға сай жаңа алаңдарда футболшылар жаттығуын өткізіп, түрлі турнирлер өткізілуде. Футбол алаңдарын реновациялауға бюджеттің қаржысы жұмсалмайды.

2023 жылы 4 қана футбол алаңы берілсе, биыл оның саны бірнеше есе артты. Жаңа төсеніштер Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Петропавл, Өскемен, Аягөз, Ақсу, Балқаш, Жезқазған, Қызылорда, Атбасар, Саран қалалары мен Жетісу облысындағы Балпық би ауылындағы стадиондарда төселді. Мамандар алаңның сапасына жоғары баға берді. Олардың қатарында «Алтай» клубының бас бапкері, отандық футболдың ардагері Вахид Масудов бар.

Жаңа алаңның сапасы жақсы. Мінсіз деп айтуға болады. Осындай жобаның болғаны жақсы болды. Жаңа төсеніш салып бергені үшін, Қазақстан футбол федерациясына рақметімді айтамын. Өскемендегі ауа райы қатаң. Енді алаңның жылытқыш жүйесі де бар, - деп Вахид Масудов Өскемен қаласының «Восток» стадионының қосалқы алаңының ашылу салтанатында сөз сөйледі.

Алаңдардың құрылысы мен толығырақ ақпаратты ALAÑ жобасының YouTube арнасы арқылы біле аласыз. Ол жерде жобаның күнделіктері шығып тұрады. Ал жаңа шығарылым «Локомотив» (Атбасар қ.) және «Сұңқар» (Саран қ.) алаңдарында жүргізілген жұмыстарға арналған.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: