Елімізде трансұлттық компаниялардың қатысуымен 7 жоба жүзеге асырылуда

13 Шілде, 22:49 735

Мемлекет басшысының агроөнеркәсіптік кешен саласына трансұлттық компанияларды тарту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Аауыл шаруашылығы министрлігі «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, шетелдік инвесторлардың қатысуымен жалпы құны $3,8 млрд-ты құрайтын 55 жобаға қолдау көрсетуде, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Үкіметте премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте жаһандық, трансұлттық компаниялар қатысып жатқан жеті жобаның іске асырылу барысы талқыланды.

Аталған жобалар арасында «INOKS Capital» швейцариялық компаниясымен Алматы облысында жеміс-жидек өңдеу зауытын құру және жеміс-жидек өңдеу зауытын салу; $160 млн инвестициясы бар «PepsiCo» компаниясымен Алматы облысында тұзды тағамдар өндіру зауытын салу; QazBioPharm холдингі мен француздық Boehringer Ingelheim Animal Health компаниясы арасындағы ынтымақтастықта Жамбыл облысында аусылға қарсы вакцина өндіру; Шымкент қаласындағы «Coca-Cola Almaty Bottlers» БК ЖШС алкогольсіз сусындар өндірісі; Ерейментау ауданының аумағында құны $132 млн болатын испандық BigFarm консорциумының қатысуымен Ақмола облысында интеграцияланған мал шаруашылығы кешенінің құрылысы; Алматы облысында CITIC Construction компаниясының астықты терең өңдеу зауытын салу; және Алматы облысында «Маревен Фуд» компаниясының алкогольсіз сусындар өндірісі бар.

Кеңесте мемлекеттік органдар тарапынан көмек көрсетуді қажет ететін мәселелер қаралды. Вице-премьер ауыл шаруашылығы министрлігіне жергілікті атқарушы органдармен және сыртқы істер министрлігімен бірлесіп жобаларды іске асыруды қолдау және АӨК саласына басқа да трансұлттық компанияларды тарту жөніндегі жұмысты жандандыруды тапсырды.

Перизат Саденова
Бөлісу: