Елімізде трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша заң мақұлданды

7 Наурыз, 11:25 795

Бүгін Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы екі оқылымда қаралып, мақұлданды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Заң президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың трансферттік баға белгілеуге бақылауды күшейту жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленді және халықаралық іскерлік операциялардағы және халықаралық іскерлік операцияларға байланысты мәмілелердегі мемлекеттік кірісті жоғалтудың алдын алуға бағытталған.

Сенатор Бекболат Орынбековтің айтуынша, заңда нарықтық бағаны анықтау әдістерін қолдануды жетілдіру ескерілген.

Қазіргі кезде заңда нарықтық бағаны анықтау әдісінің 5 иерархиясы қарастырылған. Мәселен, егер салық төлеуші бесінші әдісті қолдану керек деп санаса, онда ол алдымен алдыңғы төрт әдісті қолдану мүмкін еместігі туралы негіздемелер дайындауы керек. Осыған орай, халықаралық мәмілелердің сипатын ескере отырып, нақты қай әдісті қолдану керектігі анықталады. Салық төлеушінің де, тексерушілердің де әкімшілік шығындарын азайтуға мүмкіндік береді, — деді ол.

Бекболат Орынбековтің сөзінше, капиталды шығаруға бақылауды күшейту мақсатында тараптардың өзара байланысын айқындауды кеңейту ескерілген.

Шикізат өнімдерін «эксклюзивті» трейдерлерге төмендетілген бағамен сату фактілері бар. Бұл жағдайда қаржылық есептілікті алу мүмкін емес. Тексерілетін мәмілелер бойынша жеткілікті ақпараттың болмауына байланысты елден капиталды алып кету тәуекелі туындайды. Сондықтан өзара байланысты тараптар ұғымын кеңейту ұсынылды, — деді сенатор.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: