Елімізде төрт айда 3,6 млн жолаушы ұшақпен ұшқан

30 Мамыр 2023, 20:15 694

Кейінгі 4 айда елімізде әуе көлігімен тасымалданған жолаушылардың саны 38%-ды құрап, 3,6 млн адамға жетті, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткізілген отандық авиацияны дамыту мәселелеріне арналған баспасөз жиынында айтылды.

Республикалық БАҚ-ның сұрақтарына ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев, Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің бас директоры Каталин Раду, сондай-ақ Air Astana, SCAT және Qazaq Air компанияларының өкілдері жауап берді.

Ведомство өкілдері атап өткендей, қазір Қазақстанның әуе тасымалы нарығында жолаушылар ағыны толығымен қалпына келіп, тұрақты өсім байқалып келеді.

Еліміздегі ұшу қауіпсіздігінің стандарттары 82%-ға тең. Бұл ТМД елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш, сондай-ақ орташа әлемдік өлшемнен 15%-ға және еуропалықтан 5%-ға жоғары. Яғни Қазақстан Дания, Польша, Португалия сынды Еуропалық одақ елдерімен бір деңгейде тұр, - деді Талғат Ластаев.

Айта кетерлігі, ішкі әуе тасымалдарын 5 қазақстандық компания жүзеге асырып келеді. Аптасына 56 әуе бағыты бойынша 706 рейс орындалып жүр.

Берік Арманов
Бөлісу: