Сенатор Сұлтанбек Мәкежанов тұрғын үйге мұқтаж жандарға айтарлықтай қолдау көрсетілмейтінін айтып, тұрғын үй және құрылыс секторындағы проблеманы атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қазіргі кезде тұрғын үй сатып алушылардың жалпы санының 80%-дан астамы ипотеканы пайдаланатын жандар. Жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалардың қысқаруы және зейнетақы жинағының «жеткіліктілік шегінің» артуы халықтың сатып алу қабілетінің және тиісінше бастапқы тұрғын үйге сұраныстың айтарлықтай төмендеуіне әкелді. Тұрғын үйге мұқтаж адамдарға айтарлықтай қолдау әлі байқалған жоқ. Уәкілетті органдардың деректері бойынша 2023 жылдың 2-тоқсанының қорытындысы бойынша орташа жалақы 365 мың теңгені құрады, сонымен бірге екінші кезектегі нарықтағы тұрғын үйдің шаршы метрінің құны 500 мың теңгеге жуық болып белгіленді. Мұндай айырмашылықты бүгінде тіпті тұрақты жұмыс істейтін қарапайым азаматқа да толтыру өте қиын, - деді сенатор.
Сенатор Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылы кезекте тұрғандарға жеке тұрғын үй қорындағы жалдау ақысын субсидиялау басталғанын еске салды. Алайда сенатор бұл бағдарлама енгізілген кезде субсидиялау сомасына тұрғын үйді жалға алу бағасы бірден өскенін атап өтті. Мәкежанов мұндай құбылыс басқа салаларда да орын алғанына тоқталды.
Егер мемлекеттік субсидияның тиімділігі төмен болса, халыққа осындай қолдаудың қажеті бар ма? Нарықтың молайғаны мен тұрғын үй құнына тікелей әсер ететін құрылыс секторының кейбір өзекті мәселелерін атап өту қажет деп санаймыз. Жалпы, соңғы бес жылда құрылыс материалдары құнының 50%-дан астам, ал жекелеген түрлері бойынша 2 және одан да көп есе тұрақты өсуі байқалып отыр. Алайда бұл жөнінде уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан осы мәселені шешуде тиімді шаралар қабылданбай келеді, - деді сенатор Сұлтанбек Мәкежанов.