Елімізде қазы мен жая бағасы қымбаттады

12 Наурыз, 14:25 1015

Биыл ақпанның соңында жылқы еті бір жылда 4,3% қымбаттады. Атап айтқанда, қазы 4,8%, жая 2,5% қымбаттаған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Energyprom.kz мәліметінше, жылқы еті ең көп Павлодар облысында қымбаттады – бір жылда 10,8%-ға. Одан кейін Ақмола (9,8%) және Маңғыстау (9,6%) облыстарында.

Бағаның ең аз өсімі Астанада байқалды: бар болғаны 0,7%. Бұл ретте Шымкентте бір жылда 4,6% арзандаған.

Биыл 1 ақпанда елімізде 4,2 млн жылқы болды, бұл бір жыл бұрынғыдан 9,4% артық.

Биыл қаңтарда ҚР шаруашылықтарында тірідей салмақта 20 мың тонна жылқы және сойыс салмағында 10,3 мың тонна жылқы сойылды немесе союға сатылды.

Облыстар бойынша тірі салмақтағы ең көп жылқы Түркістан, Ақтөбе және Павлодар облыстарында, сою салмағы бойынша Түркістан, Ақтөбе және Ұлытау облыстарында сойылды немесе союға сатылды.

Жаңа сойылған жылқы етінің 62,3%-ы Ақтөбе облысында өндірілді: 175 тонна. Үздік үштікке Қызылорда мен Ақмола облыстары да кірді.

Ең көп мұздатылған жылқы еті Алматы облысында өндірілді: 3 тонна. Тағы 2 тоннадан Батыс Қазақстан облысында, 1 тоннадан Ақтөбе, Қызылорда және Павлодар облыстарында өндірілді.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: