Елімізде папиллома вирусына қарсы екпе салу басталды

10 Қазан, 17:50 727

Қыркүйек айының ортасынан бастап Қазақстанда жатыр мойны обырының негізгі қоздырушы факторы адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы қыздарды жалпыұлттық вакцинациялау басталды. ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 17 қыркүйектегі қаулысына сәйкес 11 жастағы қыздар жоспарлы түрде екпе алады, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Сондай-ақ 12-13 жас аралығындағы қыздарға иммундау жасалады. Бұл маңызды іс-шара елімізде қауіпті инфекцияның таралуын және онкологиялық аурулардың пайда болу қаупін азайтуға бағытталған.

Иммундау аясында елордалық мектептерде жоғарыда аталған жастағы оқушы қыз балалар егілуде. Екпе жұмысы ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің ақпараттандырылған келісімін алғаннан кейін мектептердің медициналық кабинеттерінде жүргізіледі.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің сарапшылары, онколог-дәрігерлер, гинекологтар мен педиатрлар қала мектептерінің біріне барып, АПВ-ның таралу жолдары, вируспен байланысты қауіп-қатерлер және АПВ тудыратын онкологиялық аурулардың дамуын вакциналаудың алдын алу жолдары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Астанадағы Қадыр Мырза Әли атындағы «Бином» мектебінде оқушы қыздар осыған қатысты екпе алды. Елорда тұрғыны Гүлдана Тасмағанбетова аталған мектепте оқитын қызына екпе салдыруға өз рұқсатын берген ата-ананың бірі. Айтуынша, өзі де бұрын мұндай вакцинациядан өткен екен.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Қызымды бүгін вакцинация жасауға әкелдім. Өзім 2009 жылы ақылы түрде өткен едім. Сол уақытта да тура осы гардасил препараты болған. Сосын мен балалы болдым, бедеулікке бұл әкелген жоқ. Бедеулікке немесе қандайда бір ауруларға әкеледі деген теріс пікір, қате көзқарас. Адамдар мұны түсінбегесін, оқып-зерттемегесін осындай көзқараста болады. Ата-аналарға дұрыс түсіндіріп, жұмыстар жүргізсе мүмкін олар осындай қарбалас кезде қарап оқып, қыздарына екпе салдыратын шығар деген ойдамын, – дейді ата-ана.

2009 жылы Гүлданаға гинеколог дәрігер осы вакцина туралы айтқан екен. Қазірден жасатпаса, жас келе ракка әкеліп соғуы мүмкін екенін түсіндірген.

Сол себепті дәрігерімнің сөзіне құлақ асып, осы екпені салдырдым. Ол кезде бұл препарат ақылы болатын.  Өзім жұмыссыз отырған кезім еді. Сонда да бұл екпені алу үшін қаражат тапуып, вакцинаны жасаттым. Бүгінде салдырғаныма еш өкінбеймін. Белгілері де болған жоқ. Яғни, бас ауырып, лоқсып, құсып, температура көтерілу сияқты құбылыстардың біреуі де болған жоқ. Бұл өте жеңіл, өте таза вакцина. Қазір бұл тегін болып жатыр. Ал негізі өте қымбат вакцина. Осындай пайдалы екпелерге мемлекет қаржы бөліп жатыр. Рақмет айтамын, – дейді екпе салдырған оқушының анасы Гүлдана.  

Жалпы гардесилдің бір дозасының өзі өте қымбат тұратынын айтты. Гүлдана сол уақытта ақылы түрде алғандықтан, қазір тегін болып жатқан кезде салып алу қажетін айтады.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Біз ол кезде ақылы түрде алдық. Қанша тұратыны да есімде. Сондықтан мемлекет бұл жағынан қыз балалардың болашағы үшін үлкен сый жасап жатыр. Біздің ұрпағымыздың дені сау болу керек. 11 жасқа толған қыздарға тегін берілетін вакцина. Көп ата-ана мұның пайдасын біле бермейді. Оларға түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек. Емханалар да мұны қолға алу қажет. Бір жылға дейін үгіт-насихат болу қажет. Ал еріктілерге көбісі сене бермеуі мүмкін. Себебі олардың медициналық білімі жоқ. Десе де, мемлекет насихат жұмысын дұрыс жүргізетін болса, бұл өте кең таралатын вакцина болады деп ойлаймын, – дейді Гүлдана Тасмағанбетова.

Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пралиеваның сөзінше, Бас санитарлық-эпидемиологиялық дәрігердің қаулысы бойынша бүгінгі таңда қыркүйек айынан бастап адам папиллома вирусына қарсы екпе жүргізіліп жатыр.

Қаулыға сәйкес, Астана қаласындағы жас қыздарға екпе салу туралы жоспар құрылған болатын. Қаламызда 11 жастағы 15 мың жас қыздар бар. Сонымен қатар қаулы бойынша 12-13 жастағы қыздарды да жоспарға алдық. Егер олар ата-анасының келісімімен аламын деген жағдайда вакцина саламыз. Бүгінгі таңда осы Астана қаласы бойынша 2 мыңнан аса қыздар екпе алды. Түсіндіру жұмыстары біздің емханаларда әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Былтырдан бері жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстарының арқасында ата-аналар ақпарат алып, екпенің маңызды екенін түсініп, рұқсаттарын беріп, қыздарына екпе салдырып жатыр, – дейді Жанна Пралиева.

Екпе алған қыздардың арасында ешқандай асқыну тіркелмеген. Мұндай вакцинаны қыздарға ғана емес, болашақта ұлдарға да салу керегін айтады.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Бұл өте маңызды вакцина. Өйткені бұл екпе барлық елде бар. Тіпті Австралия елінде вакцинациядан кейін бұл вирус мүлдем азайған. Мұны жаңағы әлемдік ғалымдар айтып жатыр. Сондықтан біз де кейін біраз уақыттан кейін осы нәтижесін көреміз деп ойлаймыз. Вакцина гадасил деп аталады. Бұл – Американың өнімі және ол аурудың төрт түріне қарсы жүргізіледі. Оның ішінде екі түрі осы жатыр мойыны обырына қарсы қолданылып жатыр. Бізде тек осы вакцина ғана емес, басқа да вакцинаның барлығы тексеру нәтижелерінен өткен кейін ғана қолданылады, – дейді Жанна Пралиева.

Бүгінде бұл вакцинаны 135 мемлекет, оның ішінде Қырғызстан, Өзбекстан, Түркменстан, Грузия мемлекеттері де қолданатынын жеткізді. Оң нәтижесін беріп жатыр деп отыр.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Республикалық бюджеттен Астана қаласына 25 мың доза сатып алынды. Бұл қыздардың санына байланысты жоспарланып әкелінді. Қазіргі таңда қаулы бойынша осы 11 жас, одан кейін он екі мен он үш жастың аралығындағы қыздарға салынады. Егер тағы аламыз деп ата-аналар тарапынан сұраныстар болып жатса, үкімет оны да қарастырады. Алдымен бірінші кезекте сол 11 жастағы қыздар алуы қажет, – деді Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пралиева.

Астана қаласының №9 қалалық емхананың СӨС дәрігері Майра Рыспаева әр ата-ана баласының вакцина алуын жете түсінсе екен деп отыр.

Қазіргі он бір жастағы балалар – бұл біздің ұрпағымыз, олар болашақ аналар. Денінің сау болуы маңызды. Бізге келген әрбір науқастың өз аяғымен келіп, өз аяғымен кеткенін қалаймыз. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген аталы сөз бар. Сондықтан да вирустың алдын алу үшін және денсаулықтың жақсы болуы үшін жасалып жатқан шара. Әрбір ата-анаға айтатыным, өзіңіздің балаңыздың, келешек ұрпағыңыздың болашағының жарқын болуы, артынан дені сау ұрпақ жалғассын десе екпе салыну керек. Қыз бала үйдің анасы, әрі ұрпақ жалғастырушы. Соны ойласаңыз екпе алғаныңыз дұрыс. Десе де, ата-ананың келісімі болмай біз екпені күшпен салмаймыз, – дейді СӨС дәрігері.

Алдымен екпе алмай тұрып педиатр дәрігер екпе алушыны тексерістен өткізеді. Баланың бұрын қандай ақаулары болған-болмағанын анықтайды. Егер баланың ыстығы 40-қа дейін жетіп, ауырып жүрсе ол кезде салынбайды. Сондай-ақ аллергиялық жағдайлар болса немесе иммундық аурулар болса, оларға уақытша салынбайды.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Адам папиллома вирусының екі жүз түрі бар. Соның ең көп кездесетін төрт түріне қарсы салынып жатыр. Жылына 1900 әйел осы ауруға шалдығады екен. Соның 600-і көз жұмады. Ал күніне былай айтқанда екі адамнан қайтыс болады. Сол себепті бұл қауіпті аурудың алдын алу мақсатында екпені биыл Қазақстанға кіргізді. Өзім де анамын, сондықтан бұл екпені құптаймын. Болашақты ойласаңыздар, ата-аналар ойлансын деймін. Сегіз мектепте екпе жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда барлығы 364-і осы екпені алды. Әр мектепке жоспар құрылған. Кейбір ата-аналар қарсы болып жатыр. Кейбіреулері ойлану үстінде. Біздің №9 қалалық емхананың дәрігерлері бүкіл сегіз мектептің ата-ана, мұғалімдер, балаларымен де жұмыс істейді, – деді Майра Рыспаева.

Аталмыш вакцинаны мектепте немесе емханада болса да салдыруға болатынын айтады. Дәрігердің сөзінше, екпенің еш зияны және залалы да жоқ.

Себебі бұл 2006 жылдан бері қолданылып келе жатыр. Бұл вакцина Австралияда, Швецияда, Ақш, Қазақстанда, Назарбаев университетінде әбден тексерістен өткен. Өйткені 2013 жылдан елімізде бұл пилоттық жоба ретінде басталған. Сондықтан біз биыл қайтадан бастадық. 11 жастан 13 жасқа дейінгі балаларға салатын себебі олардың иммунитеті тез қабылдайды. Келесі жылдан бастап ер балаларға салынуы мүмкін. Одан кейін он алты жастан әрі қарай бастала береді, – дейді СӨС дәрігері Майра Рыспаева.

Жатыр мойны обыры Қазақстанда барлық жастағы әйелдер арасында қатерлі ісіктің екінші қауіпті түрі және жиілігі бойынша 25-тен 44 жасқа дейінгі әйелдер өлімінің екінші себебі болып саналады. Жыл сайын елімізде осы аурудың 1900-ге жуық жаңа жағдайы тіркеледі. Ғылыми зерттеулер жатыр мойны обырының негізгі себебі АПВ жұқтыру болып табылатынын дәлелдеді. АПВ-ға қарсы вакцина өзінің тиімділігі мен қауіпсіздігін халықаралық деңгейде дәлелдеді. Бүгінде АПВ-ға қарсы вакцина әлемнің 135 елінде қолданылады. Әйелдердің арасында АПВ таралуы бірқатар елдерде вакцинациялаудың арқасында 90% -ға төмендеген.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙЫҚЗЫ

АПВ-ға-ға қарсы вакцинациялаудың күнделікті мониторингінің нәтижелері бойынша бүгінгі күні республика бойынша 22,2 мың бала егілді, оның ішінде 11 жасқа толған балалар саны - 14 мың, 12-13 жасқа толған балалар - 8,2 мыңды құрады.

Адам папилломасы (АПВ) вирусы қалай беріледі?

АПВ вирусы адамнан адамға келесі жолдармен беріледі:

Тұрмыстық жанасу жолымен:

АПВ қол алысу, сүйісу, терідегі зақымданулар арқылы берілуі мүмкін. Вирус ылғалды ортада тез таралады, сондықтан қоғамдық орындарға-сауналарға, моншаларға, спорт залдарына, дәретханаларға, басссейндерге барғанда өзіңізді ұқыпты ұстағаныңыз дұрыс.

Жыныс жолымен:

Вирустардың онкогенді типтері жыныстық жолмен берілгенде жыныс мүшелері аймағында орналасатын ұшы сүйір сүйелдерді тудырады.

Тікелей жолмен туу кезінде:

Вирус анадан сәбиге оның босануы жолдарымен өту кезінде беріледі. Сүйелдер көбіне нәрестелерде өмірінің алғашқы жылдарында ауызда немесе теріде пайда болады.

Өзіне-өзі жұқтыру жолы:

АПВ қырыну немесе эпиляция кезінде дененің бір бөлігінен екінші бөлігіне жиі ауысады.

Адам папилломасына (АПВ) қарсы вакцинаны енгізу

Бүгінгі таңда АПВ емдеу жолы жоқ, алдын алудың бірден бір әдісі – бұл вакцинация. Жатыр мойыны обырының (ЖМО) дамуына әйелдің АПВ инфекциясын жұқтыруы себеп болатыны ғылыми дәлелденген. АПВ қарсы вакцина 15 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылады және Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстанды қоса алғанда, дүниежүзінің 135 мемлекеттерінде жасалынады.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: