Елімізде Наурыз мерекесі жаңа форматта тойланады

13 Наурыз, 15:32 1153

Биылғы жылдан бастап Мемлекет басшысының ұсынуы бойынша еліміздің барлық өңірінде Наурыз мерекесі жаңа форматта өткізілмек. Оның мән-мағынасы мен мазмұнын байытып, жыл сайын 14-23 наурыз аралығында өткізілетін Наурызнама онкүндігін жариялау ұсынылды. Бұл туралы ҚР МАМ Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаев мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сәбит Барлыбаевтың сөзінше, наурыздың бірегей логотипі бекітіліп, еліміздің барлық аймақтарына жолданған.

Тарихи тұрғыдан алғанда, жаңа жылды тойлау 8-9 күнге жалғасып, оны «Наурызнама» деп атаған. Әрине, бұл туралы деректер ұлы философ-жазушыларымыз Махмұд Қашғаридің, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Абай Құнанбайұлының, Мұхтар Әуезовтің еңбектерінде жазылған, - деді ол.

Сонымен қатар Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары 14 наурыз – Көрісу күнін еліміздің барлық өңірінде тойлау туралы ұсыныс айтылғанын атап өтті.

15 наурыз – Қайырымдылық күні етіп белгіленді. Бұл күнді ел бойынша қайырымдылыққа, мейірім мен тату көршілікке арнаймыз. Қоғамға қайырымдылық көрсету мәдениетін сіңіріп, жанашырлық пен өзара қол ұшын беру құндылықтарын қалыптастыруымыз қажет. 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні етіп белгіленді, – деді ол.

Оған қоса 17 наурыз – Шаңырақ күні, 18 наурыз – Ұлттық киім күні, 19 наурыз – Жаңару күні, 20 наурыз – Ұлттық спорт күні, 21 наурыз – Ынтымақ күні етіп белгілеу ұсынылды. Ал 22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні еліміздің барлық өңірлерінде жалпыхалықтық мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп, стильді этноауылдар мен түрлі жәрмеңкелер ұйымдастырылатын болады.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: