Елімізде мың шақырымнан аса республикалық автожол жөнделеді

3 Тамыз 2023, 14:33 930

Биыл жыл соңына дейін елімізде мың шақырымнан астам республикалық маңызы бар автокөлік жолдарын нормативтік жағдайға келтіру көзделген. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті хабарлады, деп жазады El.kz ақпарат агенттігі.

2023 жылы жол-құрылыс жұмыстарымен 3 мың шақырымға жуық автожол қамтылды. Келер жылға дейін оның 1,1 мың шақырымын аяқтау жоспарланып, 620 шақырымдай жол учаскесінде күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынды.

Басым бағыттағы және айтарлықтай қаражатты қажет ететін жобалардың бірі – Батыс Қазақстан облысындаңы «Қазталов - Жәнібек - РФ шекарасы» және «Өнеге - Бисен – Сайқын» жол учаскелерінің құрылысы саналады. Жалпы ұзындығы 245 шақырымға жететін бұл жолдар Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарын облыс орталығымен байланыстыратынын айта кетейік.

Бұл ретте аталған жол құрылысы Мемлекет басшысының жіті бақылауында екенін ескерте кеткен орынды. Қазір бұл нысандарда барлық құрылымдық қабат бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ осы учаскелерде инертті материалдарды дайындау жұмыстары қарқын алған. Жыл соңына дейін күрделі жөндеудің барлық ұзындығы бойынша жол жабынының төменгі қабатымен көлік қозғалысын қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек Маңғыстау облысында ұзындығы 64 шақырым болатын «Құрық – Жетібай» жол учаскесінде де құрылыс жұмыстары жалғасып келеді. Жөндеу жұмыстары екі учаскеде жүзеге асырылып жатыр. Ұзындығы 24 шақырымға жететін (40-64 шқ) бірінші учаске жылдың соңына дейін аяқталады деп межеленіп отыр. Екінші учаске бойынша (0-40 шқ) тиісті жұмыстар 2024 жылы аяқталады.

Бұған қоса Қазақстанда орташа жөндеу жұмыстары да жоспарға сәйкес орындалып жатыр. Жол жұмыстарының бұл түрімен 2 мыңнан астам күре жол қамтылып отыр. Соның 938 шақырымын жылдың соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.

Осы тұста биылғы құрылыс маусымына 7 мыңға жуық жолшы мен 2,5 мың арнайы техника тартылғанын атап өткен жөн.

EL.KZ
Бөлісу: