Елімізде күніне 342 адам тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды

9 Қараша 2023, 12:35 1409

Елімізде күн сайын балаға қарсы 6 қылмыс жасалады. Үш бала жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Бұл туралы Бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Елордада сарапшылар мен уәкілетті орган қызметкерлері Бала құқықтары жөніндегі заң жобасын талқылады.

Динара Зәкиеваның айтуынша, күн сайын 342 адам тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Жалпы тергеу кезінде бір адамның бір немесе бірнеше деректі көргені, естігені анықталып жатады.

Бірақ олар (куәгерлер – ред.) қайда хабарлауға болатынын білмеген немесе хабарлауға қорыққан. Сол себептен мұндай жағдайда сенім телефондарының маңызы зор. Біз халықаралық тәжірибені зерттедік. Барлық елде халықтың барлығы білетін бірыңғай мемлекеттік сенім телефоны бар. Президенттің тапсырмасына сәйкес, 16 қазан күні 111 бірыңғай мемлекеттік сенім телефоны жұмысын бастады. Қазіргі таңда бұл байланыс орталығы барлық мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен, полиция департаменттерімен жұмыс істеп жатыр. Күн сайын 500-ден астам өтініш келеді, - деді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл.

Динара Зәкиева жаңа заң жобасында бірыңғай сенім телефонына қатысты өзгерістер болатынын атап өтті.

Заң жобасы негізінде өңірлерде бала құқықтары жөніндегі уәкілдердің мәртебесі бекітіледі. Себебі, сарапшылардың айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың басым бөлігі ауылдық елді мекендерде болады.

Өңірлерде психологиялық қызметтерді құру бойынша уәкілдіктерді мемлекеттік органдармен айқындау және балаларға қатысты құқық бұзушылық жазаны қатаңдату бойынша заң жобасында қаралған. Әлеуметтік үкіметтік емес ұйымдардың балалардың құқықтарын қорғау мәселесін, балалар арасындағы буллинг мәселесіндегі келеңсіз жағдайларды алдын алу мәселелерін талқылаудамыз, - деді оқу-ағарту вице-министрі Оспан Еділ.

Бала құқықтарын қорғау жөніндегі заң жобасы қазіргі таңда Парламентке жолданған. Заң жобасы мемлекеттік органдармен, сарапшылармен және үкіметтік емес ұйымдармен қосымша талқыланып жатыр.

Заң жобасында балалар арасындағы буллингке қатысты тармақ бар. Ол қазіргі таңда сарапшылармен талқыланып жатыр. Келесі жылдан бастап министрлік тарапынан әрбір мектепте буллингке қарсы күрес бағдарламаларын әзірлеу қарастырылған. Халықаралық тәжірибелерді зерттеп, балалар арасындағы буллинг фактілерін анықтайтын бағдарламаларды әзірлеп жатырмыз. Бұл жердегі ең басты күш – ол тәрбие мәселесі. Биылғы оқу жылынан бастап барлық білім беру ұйымдарында біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізілді. Бұл бағдарлама біздің балаларымыздың азаматтық құндылықтар негізінде дұрыс тұлға болып қалыптасуына көмектеседі. Биылдан бастап мектептерде ата-аналарды қолдау орталығын құрдық. Яғни, сарапшылардың пайымдауынша, бала тәрбиесінде ата-ананың рөлі өте жоғары. Осы тұрғыда біз ата-аналарға балалардың жас ерекшелігіне қарай бала тәрбиесіндегі психологиялық қолдау көрсетуді қолға алып жатырмыз, - деді вице-министр Оспан Еділ.

Миражан Махан
Бөлісу: