Елімізде кеншілерге жаңа арнайы әлеуметтік төлемдерді енгізіледі

29 Қараша 2023, 14:01 902

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Қарағандыға жұмыс сапары аясында кеншілермен кездесу өткізді. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Еңбекминінің басшысы 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа толғанға дейін зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт бойы жұмыс істейтін азаматтарға арнайы әлеуметтік төлем тағайындаудың негізгі тәсілдері туралы айтты. Министр арнайы әлеуметтік төлем ала алатын жұмыскерлердің саны жыл сайын көбейіп отыратынын жеткізді.

Кездесу «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің алаңында өтті. Іс-шараға Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, кәсіподақ ұйымдарының өкілдері мен өңірдің кеншілері, жалпы 200-ге жуық адам қатысты.

 Светлана Жақыпова өз сөзінде Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын іске асыру мақсатында зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру үшін арнайы әлеуметтік төлемді енгізуді көздейтін заңнамаға түзетулер топтамасы әзірленгенін атап өтті. Мәжіліс тиісті заң жобасын қабылдады және ҚР Парламенті Сенатының қарауына жолданды.

Арнайы әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың міндетті шарттары мынадай: 55 жасқа толу және БЖЗҚ-да кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы аударымдарының болуы.

Арнайы әлеуметтік төлем бірнеше компоненттен тұрады және төрт қаражат көзінен жүзеге асырылады: республикалық бюджеттен 2 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнайы кәсіптік жәрдемақы; өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардан 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде; жұмыс берушілердің қаражаты есебінен 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде, БЖЗҚ-дан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен. Бұдан басқа, жұмыскерлерге БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарын ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналары есебінен төлемдер алу құқығы беріледі, – деді Светлана Жақыпова.

Әлеуметтік кодекске сәйкес жұмыс берушілер кәсіптері мен қызмет түрлері Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлердің, өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің тізбесіне енгізілген жұмыскерлер үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударады, олардың 2 мыңнан астам позициясы бар. Осылайша, арнайы әлеуметтік төлем экономиканың 19 саласында, оның ішінде тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібінде және басқаларында жұмыс істейтін қазақстандықтарға тиесілі болады.

Министр төлем зейнеткерлік жасқа дейін төленетінін атап өтті. Арнайы әлеуметтік төлемдерді алу үшін еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналыспауға тиіс. Жұмыскерлер жеңіл жұмысқа ауыса алады, содан кейін олар жалақы мен төлем алады немесе демалысқа шығып, зейнетке шыққанға дейін арнайы әлеуметтік төлемдер алады.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының деректері бойынша арнайы әлеуметтік төлемді тағайындау үшін міндетті шарттарды ескере отырып, оған 2024 жылы 37 мыңнан астам жұмыскер, 2025 жылы – 42 мыңнан астам, 2026 жылы – 47 мыңнан астам жұмыскер үміткер бола алады. Осылайша, әлеуетті төлем алушылар саны жыл сайын ұлғаяды.

«Алдын ала деректер бойынша, 2024 жылы арнайы әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері жалпы алғанда 208 мың теңгеден асады. Әрбір жұмыскер үшін төлем мөлшері БЖЗҚ-дағы жинақтарға байланысты болады. Бұл ретте жыл сайын арнайы әлеуметтік төлем мөлшері ең төмен күнкөріс мөлшерінің ұлғаюына байланысты өседі», – деді Светлана Жақыпова.

Сондай-ақ, заңнамалық түзетулер бойынша жұмыскерді еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесін жетілдіру көзделеді, атап айтқанда:

- өмірді сақтандыру компанияларының алдын алу шараларына жұмсаған шығыстарын төленген сақтандыру сыйлықақысының 6 %-на дейін өтеуі;

- өмірді сақтандыру компанияларының оңалту шараларына жұмсаған шығыстарын төленген сақтандыру сыйлықақысының 6%-на дейін өтеуі;

- өмірді сақтандыру компанияларының зардап шеккен жұмыскерді санаторий-курорттық емделуін 100 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде төлеуі;

- жазатайым оқиға нәтижесінде келтірілген зиянды өтеу (сақтандыру төлемі) мөлшерін айқындау кезінде жұмыскердің кінәсін болдырмау.

Кездесуде Светлана Жақыпова кеншілердің сұрақтарына толыққанды жауап беріп, кездесуден кейін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: