Елімізде кәсіпорындардағы орташа жалақы мөлшері қандай

8 Маусым 2023, 13:20 600

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылдың қорытындысы бойынша орташа жалақы 310 мың теңгені құрады (І тоқсан – 285 мың тг, ІІ тоқсан – 312 мың теңге, ІІІ тоқсан – 300 мың тг, ІV тоқсан – 339 мың тг.), деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кәсіпорындар берген есепке сәйкес, 2021 жылмен салыстырғанда орташа жалақы мөлшері атаулы мәнде 23,8%-ға, нақты мәнде 7,6%-ға өсті.

Бюро орташа жалақы құрылыс және тамақтану салаларында өскенін алға тартты.

2021 жылмен салыстырғанда орташа айлық жалақының ең көп өсімі құрылыс – 38,6%, көлік және қойма – 32,4%, тұру және тамақтандыру қызметтерін көрсету – 32,2% салаларында байқалды. Өсімнің ең азы денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсетуде – 9,8%, бұл 2021 жылы ковид бойынша қосымша төлемдердің берілуімен байланысты, - делінген мәліметте.

Сондай-ақ Ұлттық статистика бюросы ірілендірілген 9 топ бойынша жалақы мөлшерін жариялайды:

- Басшылар;

- Кәсіби мамандар;

- Техник мамандар және басқа да кәсіби көмекші персонал;

- Әкімшілендіру саласындағы қызметшілер;

- Қызмет көрсету және сауда саласындағы қызметшілер;

- Фермерлер және ауыл мен орман шаруашылығының, балық шаруашылығының және балық аулау жұмысшылары;

- Өнеркәсіп, құрылыс, көлік және басқа тектес қызметтердің жұмысшылары;

- Өндірістік жабдық операторлары, құрастырушылары және жүргізушілері;

- Біліктілігі жоқ жұмысшылар.

2022 жылдың қорытындысы бойынша ірілендірілген топтар арасында орташа жалақының ең көп мөлшері басшыларда, ең азы біліктілігі жоқ жұмысшыларда болған.

Мәселен, басшылардың орташа жалақысы (534 мың теңге) біліктілігі жоқ жұмысшылардың жалақысынан 4,1 есе (129 мың теңге) асып түскен. Қаржы және сақтандыру қызметі саласындағы басшылық құрам мен біліктілігі жоқ персонал арасындағы еңбекақының айырмасы 7,2 есе, тиісінше 1 млн 149 мың және 159 мың теңгені құрады. Сондай-ақ осы екі қызмет тобы арасындағы еңбекақы жоғары айырмашылық кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет саласында – 6,3 есе, әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласындағы қызмет бойынша – 5,3 есе байқалды, - делінген.

2022 жылдың қорытындысы бойынша барлық есептелген жалақы мөлшерілері тізбегінің дәл ортасы боп саналатын медиана жалақысы 204 мың теңгені құраған, яғни жұмысшылардың жартысы осы сомадан аз, екінші бөлігі одан көп алған.

Ал ең жиі кездесетін жалақы – модальді жалақы мөлшері 68 мың теңгені құрады.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: