Елімізде картоп пен сәбіз қымбаттады

13 Маусым 2023, 05:30 1262

Қазақстанда картоп пен сәбіздің бағасы қымбаттады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.  

Сауда және интеграция министрлігі таратқан мәліметке сүйенсек, өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 0,1%-ға өскен.

Соның ішінде сәбіз 4,4 процентке, ал картоп 3,5 процентке қымбаттады. Ал қырыққабат (-5,4%), пияз (-1,6%), күнбағыс майы (-1,7%), қарақұмық (-1,5%), жұмыртқа (-1,4%), құс еті мен тұз (-0,1%) арзандап келеді.

Бұған дейін өңірлерге Тараз қаласының өндірушісінен 110 теңгеден сәбіз сатып алу ұсынылды. Алайда Астана мен Алматы қалалары ғана қажетті сәбіздің көлемін сатып алды.

Сауда комитеті бір аптаның ішінде сауда үстемесінен асып кетудің және өнімсіз делдалдарды алып тастаудың 22 фактісі анықталды деп отыр.

Мәселен, Жамбыл облысында 15%-тен жоғары сауда үстемесі бар түтікті кеспе, ұн және күріш сатылды. Түсіндіру жұмыстарынан кейін бұл өнімдердің бағасы 10-25% шегінде төмендеді. Ұлытау облысында сауда үстемесін асырғаны үшін кәсіпкерге ескерту жасалды. Нәтижесінде күнбағыс майы мен қырыққабаттың бағасы 25%-ға төмендеді, - дейді мамандар.

Берік Арманов
Бөлісу: