Елімізде футболдан жасөспірімдер лигасы құрылады

10 Наурыз 2023, 09:44 1320

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Қазақстан футбол федерациясының Атқару Комитетінің мүшесі, кәсіпкер Тимур Турловты және Қазақстанның кәсіби футбол лигасының президенті Рохус Шохпен кездесіп, Қазақстанның әр аймағынан іріктелген 3000 бала өнер көрсететін футболдан жасөспірімдер лигасын құру мәселесін талқылады El.kz ақпараттық агенттігі.

Алғашқы матчтар осы жылдың сәуір айында өтеді. 22 сәуірде елордада жергілікті «Астана» мен шымкенттік «Ордабасы» кездеседі. Алғашқы маусымда Қазақстанның әр өңірінен U-17 жас санатындағы 12 ұжым өнер көрсетеді, 2025 жылға қарай U-18 және U-19 турнирлерін ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ екі жас санатына арналған «күміс» лиганы іске қосу жоспарда бар, онда негізгі чемпионатқа  енбеген командалар ойнайды. Сонымен қатар қыздар арасында да турнир құрылады. Болашақта жаңа лигада 76 команда болады деп жоспарлануда.

«Мемлекет басшысы адами капиталды дамытуға салынған инвестициялар туралы үнемі айтып отырады. Спорт - әр адамның үйлесімді дамуының ажырамас бөлігі. Біз жергілікті спортшыларды тәрбиелеуге және ұлттық құрамаға ойыншыларды дайындауға бағытталған мұндай бастамаларды құптаймыз. Бұл басқа кәсіпкерлерді де балалар мен жасөспірімдер спортын қолдауға шабыттандырады деп сенеміз. Егер бұл жоба сәтті болса, болашақта жас футболшыларды қамти отырып, толыққанды спорттық сабақтастықты қалыптастырады. Өйткені, балалар футболы – спорттың берік іргетасы», - деді Асхат Оралов.

Өз кезегінде Тимур Турлов жаңа лиганың мақсаты тек жас футболшыларды тәрбиелеу ғана емес, сонымен қатар осы саланың мамандарын да даярлау екенін айтты.

«Біз балалар мен жасөспірімдер футбол мектептерінің түлектеріне кәсіби спортқа ауысуға және бұрын болмаған ойын тәжірибесін алуға көмектесетін өте қажет әлеуметтік жобаны бастауға шешім қабылдадық. Біз лиганы үш жыл бойы қаржылық тұрғыда қолдауға кепілдік береміз, өйткені бір маусымда алға қойған мақсаттарды жүзеге асыру мүмкін емес. Сол сияқты біз талантты жас ойыншыларды тауып қана қоймай, болашақта түрлі жобаларға жіберілетін менеджерлерді, төрешілерді және басқа да мамандарды дайындағымыз келеді», — деді Тимур Турлов.

EL.KZ
Бөлісу: