Елімізде егіс алқаптарының жартысынан аз көлемі жиналған

19 Қыркүйек 2023, 10:53 970

Үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов биылғы жылдың еліміздің егіншілері үшін қолайсыз болғанын атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Жаздың екі айындағы аптап ыстықтың соңы күзгі жауын-шашынға ұласты. Бұл, әрине, астықтың түсімін азайтып, жұмыс қарқынын едәуір бәсеңдетіп жіберді. Дегенмен егін жинау науқанын қаржылай және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шара қабылданды, - деді ол.

Әлихан Асханұлының сөзінше, бүгінде егіс алқаптарының жартысынан аз көлемі жиналған.

Қазір егін орағының нағыз қызған шағы. Жұмыс қарқынын арттыра түсу қажет. Астықты өңірлерде осы айдың соңына дейін қатты жаңбыр жауады деген болжам жоқ. Сондықтан осы мерзім ішінде барынша үлгеріп қалу керек, - деді премьер-министр.

Әлихан Смайылов еліміздің солтүстік өңірлеріндегі ауа райының қолайсыздығына байланысты мемлекет басшысы Үкіметке астық өндіретін фермерлер мен шаруа қожалықтарына қажетті көмек көрсетуді тапсырғанын айтты.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: