Елімізде бопсалаумен айналысқан қылмыстық топ өкілдері ұсталды

30 Қыркүйек, 09:19 420

Ішкі істер министрлігі соңғы үш күнде бопсалаумен айналысқан үш қылмыстық топтың заңсыз әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, Оралда ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлінісінің қызметкерлері өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде көрсетіп, зорлық-зомбылықпен оқу орындарының бірінің студентінен 500 мың теңге бопсалаған жергілікті жастар тобын ұстады. Күдіктілер қамауға алынды.

Шымкентте жедел уәкілдер қаланың екі тұрғынын ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Ұсталғандар жергілікті тұрғыннан бір миллион теңге бопсалап, оған қатысты ақпарат таратамыз деп қорқытқан.

Ақтөбеде ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлінісінің қызметкерлері бір миллион теңге мен Subaru автокөлігін алу кезінде қылмыстық топтың мүшесін ұстады. Ол өзінің үш сыбайласымен ғимарат жертөлесінде жәбірленушіге моральдық және физикалық қысым көрсетіп, сегіз миллион теңге бопсалаған. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Бопсалау фактілерін анықтау және олардың алдын алу жұмыстары жалғасады, – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: