Елімізде банкроттыққа тапсыру үшін не істеу керек

19 Тамыз 2023, 04:28 1789

Қаржы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Аталған Заңға 2022 жылдың 30 желтоқсанында қол қойылды, 2023 жылдың 3 наурызында күшіне енді.

Заң жеке тұлғаның соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот банкроттығы арқылы берешегін реттеу тетіктерін көздейді.

Азаматтар соттан тыс банкроттық рәсімін банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы борыштар бойынша келесі жағдайларда қолданады:

  1. банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлар алдындағы борыш 1 600 АЕК-тен аспайды;
  2. қарыз 12 ай ішінде өтелмейді;
  3. мүлік жоқ;
  4. бұған дейін банк пен микроқаржы ұйымы борыштар бойынша реттеу рәсімін жүргізген болатын.

Мәселен, биылғы 3 наурыздан шілдесіне дейін соттан тыс банкроттықты қолдануға 59 407 арыз түсті (9 173 азаматқа қатысты соттан тыс банкроттық рәсімі басталды; қарауда - 2 030 арыз; 48 050 арыз бойынша рәсімді қолданудан бас тартылды).

Сот банкроттығын азаматтар 1600 АЕК-тен астам (5 млн 520 мың теңгеден астам) және қарыздың барлық түрлері бойынша қолданады.

Бұл рәсім борышкердің мүлкін сатуды және түскен қаражат есебінен қарыздарды өтеуді білдіреді. Бұл ретте рәсім барысында борышкердің кепіл нысанасы болып табылмайтын жалғыз тұрғын үйі іске асырылуға жатпайды.

Жоғарғы соттың мәліметінше, сот банкроттық рәсімін қолдануға 600-ге жуық адам өтініш білдірген. 10 шешім шығарылды, оның 9-ы сот банкроттығын қолдану туралы.

Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі сотта қарыздарды төлеуге бөліп-бөліп төлеу мүмкіндігін (5 жылға дейін), тұрақты табыс болған кезде көздейді. Қалпына келтіру жоспарын борышкер қаржы басқарушысымен бірлесіп әзірлейді және сотта бекітіледі.

Сот органдары төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы 7 іс қозғады.

Берік Арманов
Бөлісу: