Елімізде балалар кітапханаларының жұмысы толығымен қайта қаралды – Ғани Бейсембаев

28 Қаңтар, 21:10 820

Елордада ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшелерімен кездесу өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жиынның негізгі тақырыптарының бірі еліміздегі білім беру мен тәрбие жұмыстарын дамыту перспективалары болды.

Кездесуде оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мемлекет басшысының Түркістан қаласында өткен «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында берген тапсырмаларының іске асырылу барысын баяндады.

Білім жүйесінде өскелең ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінеді. Былтыр министрлік жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға негізделген «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» бірыңғай тұжырымдамасын қабылдады. Мемлекеттік органдарды тәрбиенің рөлі мен маңызын арттыруға жұмылдыру жұмыстары жүргізілді. Барлық мектепте «ата-ана – бала – педагог» үшжақты одағын нығайту үшін педагогикалық қолдау орталықтары жұмыс істеді. Балалар мен жасөспірімдер, еріктілер ұйымдарының, сондай-ақ мәдени-демалыс орталықтарының, оның ішінде балалар кітапханаларының жұмысы толығымен қайта қаралды, - деп атап өтті Ғани Бейсембаев.

Жиынға қатысушылар отандық білім сапасын арттыруға және қазіргі қоғамдағы тәрбиенің рөліне қатысты ұсыныстарды қарап, өздерін толғандырған өзекті сұрақтарға жауап алды.

Сондай-ақ азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі секция отырысына оқу-ағарту вице-министрі мен Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры қатысты, оның шеңберінде балаларды тәрбиелеу және денсаулығын сақтау мәселелері қаралды.

Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы осы жылдың көктемінде Атырау облысында өтеді.

Баян Әжмұхан
Бөлісу: