Елімізде әйелдерге қатысты ауыр қылмыстар саны 153 пайызға өскен

25 Қараша 2022, 16:11 1866

Бүгінде әлемде жыныстық зорлық-зомбылықтан 1,3 миллиард әйел зардап шеккен

Бұл жөнінде Орталық Азия елдерінің көшбасшы әйелдері форумында айтылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Іс-шара «Теңдік үшін әрекет»  аймақтық виртуалды алаң шеңберінде өтті. Форумға қатысушылар зорлық-зомбылықтан зардап шеккендердің 80 пайызы әйелдер мен қыздар екенін тілге тиек етті.

«БҰҰ-әйелдер» құрылымы бүгінгі пікірталаспен Қазақстанда «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні» науқанын ашты. Биылғы науқан азаматтық белсенділікке және әр адамның жеке әрекетіне бағытталған. Гендерлік зорлық-зомбылықты тек бірігіп жоюға болады», – деді Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымның өкілі Мария Доценко.

Осыған орай Қазақстандағы 39 дипломатиялық миссия мен халықаралық ұйым әйелдер мен қыздарды зорлық-зомбылықтың кез келген түрінен қорғау үшін ел заңнамасын жақсартуға қолдау көрсетуді жалғастыруға дайын екендігін білдірді.

«Осыған байланысты біз бірқатар халықаралық Конвенцияларға қосылдық. Мемлекет басшысы 2021 жылы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторлардың штат санын нығайту қажеттігіне ерекше назар аударған болатын. Қазіргі уақытта ішкі істер органы соның ішінде полииция қызметкерлерінің саны артып, тиісті шаралар қолдануда» , – деді Парламент Мәжілісінің депутаты Айгүл Нұркина.

2022 жылдың 23 қарашасында БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы және «БҰҰ-әйелдер» құрылымы 2021 жылғы фемицид туралы соңғы мәліметті ұсынды. Зерттеу бойынша өткен жылы орташа есеппен әр сағат сайын бестен астам әйелді немесе қызды өз отбасы мүшелерінің бірі өлтірген. Ер адамды өлтірудің басым көпшілігі жеке өмірінен тыс ортада болғанымен, әйелдер мен қыздар үшін ең қауіпті жер өз үйі екені белгілі болды. Барлық әйелдер мен қыздың 56 пайызын жақын серіктестер мен басқа отбасы мүшесі өлтіреді екен. Ер адамдар үшін бұл көрсеткіш өлтірудің жалпы санының 11 пайызын құрады.

БҰҰ мәліметі бойынша, бүгін әлемде жыныстық зорлық-зомбылықтан 1,3 миллиард зардап шеккен. Әрбір үшінші әйел өз өмірінде физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылыққа тап болады. Зардап шеккендердің тек 40 пайызы ғана көмек сұрауға бел буады. Қазақстанда соңғы бес жылда әйелдерге қатысты ауыр қылмыстар саны 153 пайызға, отбасылық-тұрмыстық сала бойынша 2,3 есе өсті.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: