Елімізде ауылдықтарға қарағанда қалада тұратындар тез қартаяды

22 Маусым 2023, 16:11 1644

Қартаю индексі бір жыл ішінде 1,6 пунктке көтерілді. Бұл туралы Ұлттық статистика комитеті мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстанда қартаю индексі 2021 жылы 26,6, 2022 жылы 28,2 құрады, осылайша көрсеткіш бір жыл ішінде 1,6 пайыздық тармаққа өсті. Бұл дегеніміз 0 мен 15 жас аралығындағы әрбір 100 балаға 65 жастан асқан 28,2 қариядан келеді, - делінген ақпаратта.

Өңірлер бөлінісінде ең жоғары индекс ШҚО-да – 56,9, одан кейін Солтүстік Қазақстан – 56,3  және Қостанай облыстары – 48,9.

Бұл ретте, халқы ең жас өңір – Маңғыстау облысы, соңғы 10 жылдан бері онда туу көрсеткішінің ең жоғары коэффициенті тіркеліп отыр. Онда 100 балаға 65 жастан асқан 10,8 қарттан келеді. Сондай-ақ қартаюдың төмен индексі Түркістан облысында – 11,3 және Шымкент қаласында –11,7.

Қалалық жерлерде қартаю индексі ауылды жерге қарағанда жоғары, сәйкесінше 30,7 және 24,5.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: