Елімізде әрбір алтыншы жүктілік абортпен аяқталады

25 Маусым, 12:46 627

Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен қазақстандықтардың репродуктивті денсаулығы жөнінде айтты, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәліметінше, жыл сайын бүкіл әлемде 15-19 жас аралығындағы 12 млн қыз  ана атанады, оның 777 мыңы - 15 жасқа дейінгі жасөспірім екен. Жалпы елімізде 18 жасқа дейінгі балалар саны 7 миллионға жуық, оның 51,3% - ұл,  48,7% - қыз. Қала-ауыл бөлінісінде балалар арасындағы ұлдар мен қыздардың да үлесі бірдей. Мәселен, қалалық елді мекендерде ұлдардың үлесі 51,7%-ға, қыздар тиісінше 48,3%-ға, ал ауылдық елді мекендерде ұлдар - 51,1%-ға, қыздар - 48,9%-ға тең. Бала туу жасындағы әйелдер саны елімізде 24% (4 738 298), - деді Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары. 

Ләззат Сүлейменованың сөзінше, елімізде жасөспірімдер арасында босану мен түсік жасату, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар, ана мен бала өлімі фактілері орын алуда. Сондықтан да бұл сала – әлеуметтік көмекті қажет ететін салалардың бірі. Елімізде әрбір алтыншы жүктілік абортпен аяқталады. 

Босану кезінде аналардың өлімін азайтуға мүмкіндік беретін шаралар кешенін қабылдау қажет. Барлық уәкілетті органдардың өзара дәйекті жұмысы қажет. Елде отбасын жоспарлау кабинеттерін жетілдіру бойынша жеткілікті саны жұмыс істейді.  Алайда жүктіліктің 40 пайызы жоспарланбаған, ал прегравидарлық дайындықтан өткен жұптардың үлесі 30 пайыздан аспайды, - дейді ол.

Миражан Махан
Бөлісу: