Елімізде алғаш рет семсерлесуден Әлем Кубогы өтеді

3 Қараша 2022, 18:41 1864

Турнир қорытындысы бойынша келесі жылғы Әлем және Азия чемпионатына қатысатын жастар құрамасы жасақталады

Алматы қаласы 5-6 қарашада  елімізде алғаш рет өтетін семсерлесуден жасөспірімдер арасындағы Әлем Кубогын қабылдайды, деп хабарлайды El.kz.

SADU Arena спорт кешенінде жарыстың 1-күні жекелей, ертесіне командалық сайыс жеңімпаздары анықталмақ.

Жалпы бәсекеде 10 елдің 50-ден астам атлеті шеберлік байқасады. Оның 22-сі қазақстандық. Мұнда әлем рейтингінде ұпай қорын молайтып алатын жақсы мүмкіндік бар.

Турнир қорытындысы бойынша келесі жылғы Әлем және Азия чемпионатына қатысатын жастар құрамасы жасақталады.

Almaty Jastar Saber Cup-ты ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Ұлттық семсерлесу федерациясы ұйымдастырады. Кездесулер өтетін жаңа құрал-жабдықтың бәрі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ мен SportQory қамқоршылық қорының қаржысына сатып алынды. Халықаралық семсерлесу федерациясы (FIE) ұйымдастыру жұмысы мен жалпы жарысқа бақылау жасайды.

Айта кетейік, баспасөз-конференциясы 4 қараша, Алматы уақытымен сағат 14:00-де SADU Hotel-дің конференц-залында өтеді. Бәсекенің ресми ашылуы 5 қараша, сағат 15:00-де SADU Arena-да (Әл-Фараби даңғылы,128/7) болады.

EL.KZ
Бөлісу: