Елімізде ағаш отырғызуды бизнеске айналдыру керек – эколог

19 Наурыз, 15:48 1112

Мемлекет басшысының бастамасымен Наурыз мейрамы жаңа форматта тойланып, 14-23 наурыз аралығында Наурызнама онкүндігі өткізіліп жатыр.

Оған сәйкес, 19 наурыз «Жаңару күні» болып бекітілді. Көктемгі ағаш егу дәстүрін жалғастыру мақсатында белгіленген мереке туралы El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі білікті маманмен сұхбаттасып, мәселені саралап қайтты.

Ағаш егу - ерте заманнан келе жатқан шарапаты мол, сауабы көп іс. Жердің тоңы жібіп, алғашқы көк шыға бастаған кезде шыбық қадап, тал отырғызу - әрбір азаматтың міндеті.

Еліміздің экологиялық хал-ахуалын жақсартып, қоңыржай климат қалыптастыру жайлы эколог Азаматхан Әміртайдан сұрап, жерімізді жасыл аймаққа айналдыру туралы ой-пікірін білген едік.

El.kz: Сәлеметсіз бе?! Еліміздің экологиялық жағдайын жақсарту үшін қандай мәселелерге назар аударған жөн деп ойласыз?

Азаматхан Әміртай: Еліміздің экологиялық жағдайын жақсарту үшін ҚР Экологиялық кодексінде көрсетілген нақты шаралар іске асырылуы керек. Сондай-ақ, елімізде Су кодексін тезірек қабылдау қажет. Су кодексін қабылдасақ, автоматты түрде судың жұмсалуы мен пайдалану мәселелері ретке келтіріледі. Мәселен, бүгінгі күні көптеген ірі компания суды тегін пайдаланып отыр. Тіпті аз бағада, аз тарифте төлейтіндер бар. Ол дұрыс емес. Су - еліміздің үлкен капиталы. Сол себепті жерлестерімізді суды үнемдеуге шақырған абзал. Суды үнемдеу мәселесіне көңіл бөлу керек. Заң нормалары толықтай орындалуы тиіс. Сонымен қатар, кішкентай көлдерді сақтап қалуды да алдымызға мақсат еткеніміз дұрыс. Еліміздің әр өңірінде кішкентай көлдер көп. Бүгінде олардың көбі тартылуда. Бұл бағытта жасалуы қажет жұмыс шаш етектен. Қоршаған ортаны қорғау, қалдықтармен жұмыс жасау керектігі тағы бар. Онымен қоса, қайта өңдеу, утилизацияны қолға алу керек.

El.kz: Барлық өңірде орман өсіру ісін дамыту қажет деп ойлайсыз ба?

Азаматхан Әміртай: Әрине! Бүгінде тоқсаныншы жылдармен салыстыратын болсақ, еліміздің орман бөлігі 5 есеге азайып кетті десек болады. Бұл минималды түрде айтып отырғаным. Елімізде орман браконьерлері көп. Олар орман ағаштарын өртеп, сатады. Өз көзіммен талай мәрте көрдім. Әр ағаш белгілі қаражат тұрады. Сол себепті браконьерлермен күресті алға қою керек. Орманды қорғауымыз қажет. Керісінше, орман алқаптарын көбейтетін жаңа мотивациялық бағдарламалар ойластырған дұрыс. Қала айналасына ағаш отырғызу керек. Ал оған субсидия бөліну қажеттігі айқын. Орман отырғызу, ағаш отырғызуды бизнеске айналдырған абзал. Ол үшін мемлекет арнайы мотивация жасайтын бағдарламалар қабылдап, субсидия берілуі керек. Еуропадағы Франкфурт әуежайының өзі орманда орналасқандай. Өйткені жан жағының бәрі орман, түгел ағаш. Бос жер жоқ, тұтастай ағаш отырғызып тастаған. Қытайдың өзі барлық жерге ағаш отырғызып, көгалдандырып жатыр.

El.kz: Еліміздің барша азаматтарын ағаш егу ісіне тарту үшін не істеу керек?

Азаматхан Әміртай: Субсидия беретін мотивациялық арнайы бағдарламалар бар. Мәселен, кәсіп ашып ағаш отырғызсаңыз, мемлекет белгілі бір қаражатын төлеп тұрады. Жұмысыңыз іске асқан соң салық төлейсіз, орманды жасылдандырасыз. Елімізде ондай кәсіпті ашамыз деген кәсіпкерлердің қарасы көп. Оларды бір жұдырыққа жұмылдыру керек. Жалпыхалықтық іске айналдыру үшін субсидияны, көмекті осыған бағыттау қажет. Бұл іске тек  мемлекет емес, қарапайым халықтың да атсалысқаны жөн. Ағаш отырғызу институты бізде жойлып кетті. Бар болғанның өзінде мемлекеттік мекемелер оған тиісті дәрежеде көңіл бөлмейді. Олар ғаламтордан ақпаратты алып, соны көрсетеді. Негізі ағаш отырғызу мәселесі деген ғылым болуы керек. Ғылымды дамытпай, ештеңе істей алмаймыз. Сол себепті «Ұрық (почва) топыраққа сәйкес келеді ме? Ол қалай суғарылады? Ағаш өсіп шыққан соң ауруға шалдықса, оны қалай емдейміз?» деген сұрақтардың жауабын алу үшін мәселе ғылыми тұрғыда қарастырылғаны дұрыс. Проблемаға тереңінен қарап, салмақты шешімдер шығару керек. 

El.kz: Жыл сайын көгалдандыру бойынша көтеріліп жатқан мәселелерден нәтиже шықты ма?

Азаматхан Әміртай: Көгалдандыру мәселесіне қаражат көп мөлшерде бөлінуде. Бірақ одан нәтижені көріп тұрған жоқпыз. Ағашты отырғызғанда оған арнайы питомниктер керек. Ол питомниктерді жерге сіңдіру үшін арнайы ағаштың түрлері болады. Осының барлығын қарастырған жөн. Бұл – барлығына ғылыми негізі болу керек деген сөз. Ғылыми негіз болмағандықтан, ағаштардың көбісі қирап, ауруға шалдығып, жоғалып жатыр. Оның үстіне ағаштардың барлығы дерлік - ауру. Сол себепті ғылыми негізін қалыптастыруымыз керек.

El.kz: Қаладағы ағаштар экологиялық жағдайды жақсартуға әсер ете ме? Қалай ойлайсыз?

Азаматхан Әміртай: Қаладағы ағаштар қоршаған ортаның жақсаруына әсер ететіні сөзсіз. Сол себепті ағаштарды көп мөлшерде отырғызу керек. Ағаштар автокөліктерден, құрылыс нысандарынан, үйлерден шығып жатқан шаң-тозаңдардың 4-тен 1 бөлігін жұтып алады. Сөйтіп таза оттегі бөледі. Сондықтан ағаштар қала сыртында ғана емес, ішінде  де көбірек өсірілгені дұрыс. Ол ауаның тазалығына, адамның денсаулығына оң әсерін тигізеді.

El.kz: Эрозия, топырақтың желдетілуі, су режимінің бүлінуі сияқты факторлардың әсерін азайту үшін жасыл желектерге қандай күтім жасау керек? Бөлісе отырсаңыз.

Азаматхан Әміртай: Эрозия, топырақтың желдетілуі, су режимінің бүлінуі сияқты факторларға жасыл желектер тікелей әсер береді. Мәселен, ағаштың тамыры жер асты топырағының құнарлануына, өмір нәрін беруге әсер етеді. Ағаштарды су, өзендердің бойында отырғызу керек. Алайда ғылыми негіз болмаса, ағаштың барлығы қурап қалуы мүмкін. Елімізде «Өсімдіктердің биологиясы және биотехнологиясы институты» бар. Сол жерде қызмет ететін ғалымдарды ортақ мақсатқа жұмылдыруымыз керек. Оларға арнайы қаражат бөліп, жұмыс жасату керек. Өзбекстандағы Аралқұмға 1,5 млн гектар ағаш отырғызылған. Аралқұм - тұзды жер. Тұзды жерде сексеуіл ағаштарын отырғызып, жап-жасыл желекке айналдырып отыр. Бұл - ғалымдардың арқасында жасалатын жұмыс.

El.kz: Қаланы абаттандыруға тек ағаштар емес, бұта, гүл және шөп отырғызылады. Осы тұрғыда олардың қандай экологиялық маңызы бар деп ойлайсыз?

Азаматхан Әміртай: Қаланы абаттандыру үшін ағаштан басқа өсімдіктерді де отырғызуға болады. Олар да табиғатқа өзінің нәрін, жақсылығын береді. Бірақ ағаштың орны бөлек екендігі - ақиқат.

El.kz: Қалада тұрақты экожүйе қалыптастыру мүмкін бе? Бұл процессте ғылым, мемлекет және қоғамның рөлі қандай?

Азаматхан Әміртай: Қалада экожүйені қалыптастыру кешенді жұмысты қажет етеді. Инфрақұрылым, жолдардың, үйлердің салынуы, бақтардың болуы бір-бірімен байланысты. Ағаштарды ертең кесіп тастайтын болса, оған бөлінген қаражат далаға кетеді. Сондықтан қаланың бас жоспарында барлығы қаралуы керек. Мәселен, Астананың бас жоспарында Абу-Даби Плазаның алдынан Ботаникалық баққа дейін желілік парк салыну керек еді. Бірақ 2017 жылы бас жоспарды өзгертіп, ол жерге үйлер салмақшы болды. Біздің партия бұл мәселені көтердік. Президент бізді қолдап, Абу-Даби Плазадан бастап, ботаникалық баққа дейін желілік парк салынатын болды. Ағаштар отырғызылады. Алайда, ғылыми негіз болмаса, ұзаққа бармайтын жоба болады. Өйткені, бұл - таза ғылыми істер. Мемлекет пен қоғам бұл бағытта бірігіп жұмыс жасағаны жөн.

El.kz: Қазақстандағы экотуризм жайлы не айта аласыз?

Азаматхан Әміртай: Қазақстандағы экотуризм бүгінгі күні жоқтың қасы. Өйткені экотуризмде «Туристы с рюкзаком» деген түсінік бар. Оларға тек маршрут беріліп, қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі керек. Бүгінде Қазақстанды көрем деушілер көп. Мәселен, біреулер Аралды көргісі келеді. Енді біреулер Балқашты, үшіншілері Каспийді көруге асық. Бұл да  - туризмнің бір бағыты. Қыстыгүні қысқы экотуризмді дамыту керек. Дегенмен, бұл бағытта бізде инфрақұрылым әлі де дамымаған.

El.kz: Сұхбатыңызға рақмет!

Айнұр Оспанова
Бөлісу: