Елімізде 400 мыңдай адам букмекерлік кеңселердің тұрақты клиентіне айналған – депутат

29 Наурыз, 17:28 664

Лудоманиямен күрес бойынша заң жобасын талқылау барысында Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев осылай деді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Былтыр букмекерлік кеңселердің жылдық айналымы бейресми ақпараттар бойынша 1 триллион теңгеге жеткен екен. Бүгінде құмар ойындары жылжымайтын мүлік нарығын басып озып, алдыңғы орынға шыққан, - деді депутат.

Бұл тақырыпқа президенттің өзі Қауіпсіздік кеңесінің отырысында да, Ұлттық құрылтайда да бірнеше рет ерекше тоқталғанынын айтып өткен спикер Қазақстанда ойынқұмарлық індеттей өршіп, ел қауіпсіздігіне қатер төндіре бастағанына алаңдаушылық білдіреді.

Деректерге жүгінсек, соңғы екі жарым жылда еліміздің әрбір бесінші адамы ойын ойнайды екен немесе құмар ойындарына қандай да бір қатысы бар. 400 мыңдай адам ойынға салынып, букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиентіне айналған, - деп нақтылады депутат.

Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, қылмыс жасайтындардың 20 пайызы лудомандар екені белгілі болды. Олар бәске тігетін ақшаны табу үшін алдымен қарыз алады, сонан соң ұрлық, тонау секілді қылмыстарға барады-мыс.

Лудомания 21 ғасыр дертіне айналып отыр. Тіпті мектеп оқушылары да ойынға қатысып, бәс тіге бастады. Олардың ересек туыстарының атынан тіркеліп, ойнау фактілері жиілеп кетті. Мәселен, шамамен еліміздегі әрбір бесінші жас букмекерлік кеңселерде бәс тігеді. Бұл дегеніңіз – бір миллионнан астам жас кемінде бірнеше рет құмар ойынға бәс тіккен деген сөз. Бүгін қарастырғалы отырған заң жобасы осы мәселені ауыздықтап, реттеуге арналған, - деп қорытындылады ол.

Айнұр Оспанова
Бөлісу: