Елімізде 40 мыңнан астам бала ерекше білім беруді қажет етеді

20 Сәуір 2023, 15:27 723

ОКҚ баспасөз мәслихатында оқу-ағарту министрлігінің арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Әйгерім Күдеринова ерекше білім беруді қажет ететін балалардың санаты кеңейтілгенін атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әйгерім Күдеринованың сөзінше, соңғы жылдары бұл бағыт бойынша бірқатар өзгерістер енген. Мәселен ерекше білім беруді қажет ететін балалардың санаты кеңейтілді.

Бұрын осы санатқа тек оқу барысындағы денсаулығына байланысты қиындық көретін мүмкіндігі шектеулі балалар ғана жататын, ал қазіргі кезде әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қиындықтар туған уақытта ерекше білім беруді қажет ететін балалар санаты да жатады. Бұған байланысты білім саласында бірқатар іс-шаралар қабылданды. Дарынды балалармен де көп жұмыс жасалынып жатыр. Мүмкіндігі шектеулі балалардың саны бүгінгі таңда 188 мыңнан асады, – дейді.

Сондай-ақ, аталған топтағы балаларды қолдау үшін арнайы мекемелер жұмыс істейді. Айтуынша, елімізде 208 түзету кабинеті және 13 оңалту орталығы бар.

Бұдан бөлек 42 арнайы балабақша, 99 арнайы мектеп қызмет көрсетеді. 4 мыңнан астап жалпы білім беретін мектептерде 40 мыңнан астам ерекше білім беруді қажет ететін балалар оқиды. Осы саланы жақсарту үшін білім туралы заңда жауапкершілік артты. Басшылар біріншіден арнайы жағдай жасауы тиіс, екіншіден, балаларды қабылдау кезінде ережені бұзбау керек, – дейді инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Әйгерім Күдеринова.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: