Елімізде 255 елді мекенді су басу қаупі бар

16 Ақпан 2023, 21:00 1128

«AMANAT» партиясының Партиялық бақылау комитетінде су тасқынына дайындық мәселесі талқыланды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Кезекті жиында көктемгі тасқынның алдын алу  мақсатында жүргізіліп жатқан әзірлік жұмыстары мен техникалық жабдықтардың дайындығы талқыланды.

Биыл еліміздегі 255 елді мекенді су басу қаупі бар. Онда 127 мыңнан астам үй мен 700 мыңнан астам адам бар. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда апаттық жағдайдағы 5 және жөндеуді қажет ететін 73 су қоймасы, қорғаныс бөгендері, платина мен тоғандар бар. Олар істен шығатын болса, халыққа зор қауіп төнеді. Алайда, былтыр 2021-2023 жылдарға жоспарланған Жол картасындағы су тасқынына қарсы 68 іс-шараның 41-і орындалмағаны белгілі болған.

«Еліміздегі 400-ден астам гидротехникалық құрылысты жөндеу қажет. Солай бола тұра, коммуналдық және жеке меншіктегі мұндай құрылыстардың басым бөлігі жылдар бойы назардан тыс қалып келеді. Тиісінше, оларды жөндеу және жаңғырту іс-шаралары су саласын дамыту жоспарына енгізілмей қалады. Осындай құрылыстар 30 жылдан астам уақыт пайдаланып келеді. Олардың 70%-дан астамының тозығы жетіп тұр. Сондықтан олардың беріктігі мен қауіпсіздік деңгейі айтарлықтай төмендеді. Су тасқынына қарсы алдын алу іс-шараларын жоспарлау, сондай-ақ оларды қаржыландыру ісінде түйткілді мәселелер бар», деді А.Платонов.

EL.KZ
Бөлісу: