Елімізде 2,1 млн адам өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр

29 Наурыз 2023, 14:49 1114

2022 жылы Қазақстандағы Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесі бойынша есептелген жұмыссыздық деңгейі, яғни табысты кәсібі (жұмысы) болмаған, оны белсенді іздеген және жұмысқа кірісуге дайын болғандар бойынша жылдық мәндегі көрсеткіш 4,9% құрады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Ұлттық статистика комитетіне сілтеме жасап.

Еліміз бойынша экономиканың әртүрлі салаларында 9 млн адам жұмыспен қамтылды, олардың 6,9 млн-ы (жұмыспен қамтылғандардың жалпы санынан 76,3%) жалдамалы қызметкер болса, 2,1 млн адам (жұмыспен қамтылғандардың жалпы санынан 23,7%) өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. 15 және одан жоғары жастағы халыққа шаққандағы жұмыспен қамтылғандар үлесі 65,3% құрады.

Жұмыспен қамтылған халықтың ең көп үлесі сауда (16,7%), білім беру (12,7%), өнеркәсіп (12,5%) және ауыл шаруашылығы (12,4%) салаларында еңбектенді.

Жалпы 2022 жылы елімізде 458,3 мың жұмыссыз адам болды.

15 пен 28 жастағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,8% құрады. NEET жастарының жұмыссыздығы, яғни білім алумен немесе кәсіби даярлықпен айналыспайтын жастардың үлесі 6,5% құрады.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту органдарында 2022 жылғы желтоқсан айының соңына 132,3 мың жұмыссыз ресми тіркелген. Тіркелген жұмыссыздардың үлесі жұмыс күшінің 1,4%-ын құрады.

EL.KZ
Бөлісу: