Елімізде 17 мың шағын несие беруге 100 млрд теңге қарастырылған - Үкімет

29 Шілде 2023, 15:21 1286

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штабтың отырысы барысында Мемлекет басшысының ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру туралы тапсырмасын орындау мәселесін қарады,  деп хабарлайды Еl.kz ақпарат агенттігі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Биыл бағдарламаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 100 млрд теңге қарастырылып, 17 мың шағын несие беру жоспарланған. Бұл ауылдарда 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бергелі отыр. 

Дегенмен, бағдарламаны жүзеге асыруға он облыс қана белсенді түрде кіріскен. Жеті өңірде жұмыс қарқыны баяу, ал үш өңірде бірде-бір өтінім (Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Абай облыстары) мақұлданбаған көрінеді.

Халықпен белсенді жұмыс істеу керек. Аудандар мен ауылдық округтердің әкімдері тұрғындармен тұрақты байланыста болып, микрокредиттің шарттары мен пайдасын түсіндіруге тиіс. 5-7 жылға 2,5%-бен несие беру өте тиімді шарт болып табылады. Мұны қарапайым тілмен және дұрыс түсіндіру керек, - деді Премьер-Министр.

Әлихан Смайылов облыс әкімдіктеріне берілген қаражаттың толық игерілуін, олардың мақсатты пайдаланылуын әрі уақтылы қайтарылуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ 2023 жылға арналған бағдарлама көрсеткіштеріне қол жеткізуді бақылауда ұстауды тапсырды.

 

Асқар Таудай
Бөлісу: