Елімізде 1265 шала туған сәби жаңа жабдықта диагностикадан өтті

28 Қазан 2022, 23:27 1873

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады

Қазақстанда 1265 жаңа туған нәресте ең жаңа жабдықта офтальмологиялық скринингтен өтті, оның көмегімен 181 балада ретинопатия анықталды. Тоғыз шала туған нәрестеге офтальмологиялық хирургтар AYALA қайырымдылық қоры перинаталдық орталықтарға берген арнайы аппараттарда көз торын лазерлік коагуляциялау арқылы көруді сақтап қалды, деп хабарлайды El.kz

Қазақстандық дәрігерлердің мәліметтері бойынша, мерзімінен бұрын туған нәрестелердің шамамен 40%-ы ретинопатиядан зардап шегеді, бұл шала туған нәрестелерде көру қабілетінің қайтымсыз жоғалуына әкеледі.

Патологияның диагностикасы ретинопатия кезінде ешқандай сыртқы белгілердің болмауымен қиындайды және тек арнайы жабдықтың (офтальмоскоптың) көмегімен мамандандырылған және даярланған офтальмолог бұл аурудың ерте көріністерін көре алады.

Денсаулық сақтау министрлігі алғаш рет жаңа туған нәрестелерге  «Луцентис» препаратын интравитреалды енгізу бойынша клиникалық хаттаманы әзірледі және бекітті, бұл офтальмолог-дәрігерлердің пікірінше, Қазақстанда шала туған нәрестелердің ретинопатиясын емдеудегі нағыз серпіліс болды. Ол ретинопатияның жедел түрлерін инъекциялық емдеуді қамтиды, бұл балалардың көру қабілетін қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

«Бірнеше жыл бұрын бізде бар нәрсенің бәрі: ультра заманауи бинокулярлық офтальмоскоптар, нәрестелердегі соқырлықты емдеудің жалғыз әдісі үшін лазерлік қондырғылар, «Луцентис» инъекциясы арқылы ретинопатияны емдеуге арналған клиникалық хаттама – біз үшін қол жетпейтін арман болды. Бүгін біз шала туған нәрестелерге әлемді айқын көруге және олардың отбасыларына қуаныш пен бақыт сыйлау мүмкіндігіне ие болдық. БФ негізін қалаушы Айдана Сүлейменоваға балаларға сапалы офтальмологиялық көмекті жүзеге асыруда зор мүмкіндіктерге ие болғанымыз үшін алғыс айтамыз», - деп атап өтті ҚР Көз аурулары ҒЗИ офтальмолог дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Әсел Шарипова.

Жаңа туған нәрестелердегі ретинопатияны диагностикалау және емдеу бойынша осындай айқын нәтижелер ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен еліміздің меценаттық қоғамдастығының тиімді ынтымақтастығының арқасында мүмкін болды.

2022 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша ретинопатия бойынша қауіп тобындағы шала туған 6472 (98,2%) бала офтальмологиялық скринингпен қамтылды, 358 шала туған нәрестеге жедел емдеу жүргізілді.

EL.KZ
Бөлісу: