Еліміз Саха Республикасымен әуе қатынасын дамытады, деп хабарлайды El.kz Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство басшысы Марат Қарабаев Саха (Якутия) Республикасының басшысы Айсен Николаевпен кездесіп, тараптар ұзақмерзімді тиімді ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.
Министр бауырлас республикамен жемісті әріптестік орнайтынына сенім білдіріп, Саха инвесторларын елімізге бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға шақырды.
Бұл ретте А.Николаев өз республикасының экономикалық әлеуетін таныстырып, оның ішінде азаматтық авиация, жер қойнауын игеру және өнеркәсіп салаларында, сондай-ақ зергерлік-қырлау кластер бөлігінде тиімді әріптестікті нығайтуға ниетті екенін айттып, ұсыныстарын жеткізді.
Бұдан басқа, тараптар Якутск – Новосібір – Астана және Якутск – Новосібір – Алматы әуе қатынасын ашу мен «Якутия» озық даму аймағында өндірілетін ұзақ уақыт жанатын пештерді Қазақстанға импорттау мүмкіндігін қарастыруға келісті.
Кездесудің қорытындысына сәйкес екі жақ іскерлік әңгімеге ризашылықтарын білдіріп, Қазақстан мен Саха Республикасы арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамытудың маңыздылығы талқыланды.